Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы тіпті күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы тіпті күшейді

11.04.2025

Бүгін Қытай америкалық импортқа қарсы тарифті 125 пайызға дейін жеткізді. Және де Бейжің Еуропа одағына Құрама Штаттардың жазалау шараларымен бірлесіп күресу туралы ұсыныс жасады. Ал Трамптың Қытайға жариялаған баж салығы 145 пайызға дейін өсті. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Президент Дональд Трамп тарифтерімен Американы дәстүрлі одақтастарынан алшақтатып жатқанда, Қытай бұл проблеманы өз мүддесіне пайдалануға әзір. Осыдан бірнеше сағат бұрын Бейжіңде президент Си Цзиньпин Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кездесу өткізіп, Еуропа одағын АҚШ-тың экономикалық қорқыту саясатымен бірлесіп күресуге шақырды.

Си Цзиньпин, Қытай президенті:

Тариф соғысында жеңімпаз болмайды. Біз бірлесіп, буллингтік тәжірибемен күресуге тиіспіз. Әлеммен қарсыласу - оқшаулануға апаратын жол.

Сонымен қатар бүгін Қытай үкіметі Құрама Штаттардан импортталатын тауарларға тарифті 125 пайызға жеткізді. Бұл шешім ертең күшіне енеді. Дегенмен Бейжің осымен тоқтайтін тәрізді. Ол енді Трамптың тарифтеріне жауап бермейтінін ескертті.

Ал Ақ үйдің мәлімдеуінше, АҚШ Қытайдың кейбір тауарларына кедендік салықты 145 пайызға өсірді. Кейбір сарапшылардың ойынша, мұндай сауда саясаты кез келген елді өзге серіктес іздеуге мәжбүрлер еді.

Марио Эстебан, «Элкано реал» институтының аға сарапшысы:

Барлық ел, соның ішінде Қытай мен Еуропа одағы да жаңа серіктес іздеп жатыр. Себебі Құрама Штаттар халықаралық саудада жау елге айналып барады. Қытай мен Еуропа одағы әлемнің ірі экономикаларына жатады. Қазір олар өздерінің арасындағы экономикалық байланыстарды күшейту жолдарын қарастырып жатыр.

Бұған дейін Трамп әлемнің ондаған еліне жариялаған тарифті 90 күнге доғара тұруға шешім қабылдады.

Осы уақыт ішінде Еуропа одағы Вашингтонмен қандай да бір сауда келісімін жасаудан үмітті. Алайда бұл туралы келіссөздер сәтсіз аяқталатын болса, Брюссельдің АҚШ-қа бере жауабы дайын болуы керек. Мұны Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен Британияның Financial Times газетіне берген сұқбатында айтты.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу