ШҚО-да балалар дәрігері жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да балалар дәрігері жетіспейді

11.04.2025
ШҚО-да балалар дәрігері жетіспейді

Елімізде педиатр-дәрігер жетіспейді. Тек Шығыс Қазақстан облысындағы алыс аудандарды айтпағанда Өскемен, Риддер, Алтай сияқты ірі қалалардың өзінде балалар дәрігері жоқ. Ал жыл сайын медициналық жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандар әлі де аздық етіп отыр. Мәселе қалай шешілмек? Тілшіміз Олжас Керейхан зерттеп көрді.

Ардақ Бітімбаева шығыстағы ең шалғайдағы 4 ауылдың халқына медициналық қызмет көрсетеді. Негізгі қызметі учаскелік медбике болса да, басы ауырып, балтыр сыздаған науқастардың шақыруына жыл он екі ай, күн-түн демей баруға міндетті. Өйткені қарамағындағы ауылдарда басқа дәрігер жоқ.

Ардақ Бітімбаева,  учаскелік медбике:

Скрининг өткіземін, екпені жоспарлап, өзім саламын. Үлкен адамды да, балаларды да  өзіміз қараймыз. Күрделі пышақ жарақаты болады, оның бәрін тігеміз. Өз практикамда 3-4 әйелді босандырдым. Бәрін білуің керек, 38-39 жылдың ішінде бәрін біліп, үйрендік.

Үйренбеске болмайды. Өйткені адам саны аз ауылдарда дәрігер қарастырылмайды. Заң солай. Ал шекарада қоныстанған Марақакөл ауданындағы кейбір ауылдарда тіпті медициналық кабинет жоқ.

 Елу жыл педиатр болған Күлнәзи Шәріпова бұл мамандық ерекше маңызға ие екенін айтады. Өйткені ұрпақтың саулығы - ұлттың саулығы. Ал дені сау ұрпақ ұлт болашағы.

 Күлнәзи Шәріпова, педиатр-дәрігер:

Педиатр мамандығының маңыздылығы сол әр шақалақ шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап бақылауына алады. Нәрестенің 14 жасқа дейін өсуі мен әр жаста егілетін екпесіне дейін жауапты. Яғни, баланың екінші анасындай болу керек. Алайда соңғы жылдары ауылдарды айтпағанда қалада білікті педиатр жетіпейді.

Семей медициналық университетін жыл сайын ең көп дегенде 15 педиатр тәмамдайды. Ол жас мамандар Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан аспайды. Ал бала дәрігерінің қазір неліктен жетіспейтіні өзіндік себебі бар.

 Әлия Әлімбаева, Семей медициналық университетінің кафедра меңгерушісі:

Осыдан 10 жыл бұрын бәрімізге мәлім педиатрия факультеті барлық университетте жабылды. Әрине қазіргі мамандақтардың тапшы болуы тікелей соның салдары деп те айтуға болады. Сұраныс өте жоғары, бірақ біздің шығарып жатқан түлектеріміздің саны оған сәйкес келмейді.

Тоғыз жыл оқып толық білім алған жас мамандардың көбі алыс ауылдарға баруға құлықты емес. Өйткені облыстық ауруханалардың өзінде бала дәрігері жетіспейді. Қазір тек шығыста 10 педитрдың орны бос тұр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауыл, аудандарға барғысы келетін мамандарды баспанамен қамтып, 8 миллион теңге бір реттік көтермеақы беруге де дайын.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу