Қазақстан пен Ресейдің Калининград облысының арасында тауар айналымы артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан пен Ресейдің Калининград облысының арасында тауар айналымы артты

12.04.2025

Қазақстан пен Ресейдің Калининград облысының арасында тауар айналымы артты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артық. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев өңірге жұмыс сапарымен барып, ынтымақтастықты бекіту мәселелерін талқылады.

Өткен жылы алыс-беріс 91 млн доллардан асқан. Ауыл шаруашылығы, туризм, инвестиция игілігі. Түрлі салада жыл сайын әріптестіктің қарқыны артып келеді.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:

Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі болып қала береді. Тауар айналымында өсім бар, соңғы 10 жылда екі есе өскен. Бұл көрсеткіштерді еселеу үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Себебі экономикалық ынтымақтастық та өзекті.

Алексей Беспрозванных, Калининград облысының губернаторы:

Көрсеткіш жаман емес, алайда сауда айналымын арттыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан алдағы уақытта жол картасын әзірлеуге болады. Экспорт, импорт көлемін арттырып, ынтымақтастықты бекіте түсуге дайынбыз.

Қазақстан мен Калининград облысының іскерлік топтарының арасындағы әріптестік көкижегі кең. Қазақстандық делегация сапар барысында өңірдегі іргелі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Сергей Лютаревич, кәсіпорын директоры:

Қазақстан нарығы біз үшін таңсық емес. Өз өнімімізді тасымалдаймыз, сұраныс бар, байланыс үзілген емес. Сондықтан алдағы уақытта да әріптестігіміз артса деймін.

Калиниград облысында Қазақстанның құрметті консулдығы бар. Өңірде «Қазақ диаспорасы» 2019 жылдан бері ресми тіркелген. Ұйым ұлттық дәстүрді сақтау мақсатында түрлі шаралар өткізеді. Сапар барысында диаспора өкілдерімен, студенттермен кездесу өтіп, өзекті мәселелер талқыланды.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу