Маңғыстаулық балықшылар түнгі мезгілде балық аулауға рұқсат сұрайды. Себебі теңіз жануарлары тек осы кезде ауға түседі. Ал күндіз балық жоқ. Бірақ мемлекеттік шекара туралы заңға сәйкес, оларға жарық кезде ғана теңізге шығуға рұқсат. Балық аулауды кәсіп қылып, нәпақасын тауып жүрген балықшалар заңға өзгеріс енгізілсе, дейді.
Түпқараған ауданының тұрғыны Орал Елемесов балық аулау үшін аралға барады. Себебі ауыл маңында балық жоқ. Заң бойынша ау кешке салынып, таңертең шығарылуы тиіс. Бірақ түнде тексермесе, ауға түскен балық өліп, жарамсыз болып қалады, дейді балықшы.
Орал Елемесов, балықшы:
Түн ішінде балықшы ауды екі-үш рет қарайды. Таңертең балық бұзылмауы үшін. Анда-санда бекіре түсіп қалады, сол бекіре өлмеуі үшін негізінде түн ішінде шығады. Негізі балықшыларға тимеуі керек қой. Заң жүзінде қағаздарымыз бар, бірақ күнде келеді тексереді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Балықшылардың айтуынша, майшабақтардың маусымы небәрі бір ай, ал сазан екі ай жүреді. Сол сияқты әр балықтың өз уақыты бар. Әрі олар түнгі мезгілде ауға көп түседі. Мысалы, қазір шабақ пен кефальдің маусымы.
Сондықтан балықшылар маусымында балық аулап қалуға тырысады. Әрі теңіз жануарлары ауға тек түнгі мезгілде түседі.
Ринат Мингалиев, балықшы:
Күн батты ма, жағаға келдің бе, штраф аласың. Бір аптаның ішінде төлесең, 40 мың теңге. Бір аптадан асып кетсе, 80 мың, 78 мың 79 мың шығады.
Алайда мемлекеттік шекара туралы заңның 48-бабы 4-тармақшасына сәйкес, шағын қайықтарға ішкі суға жарық уақытта шығуға рұқсат берілген. Ал қараңғыда тыйым салынған.
Талғат Төребаев, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаменті жағалау күзеті басқармасының бастығы:
Аталған шектеулер бірінші мәселе - ол балықшылардың қауіпсіздігін ойлап отырмыз. Шағын қайықпен үлкен кемелермен соқтығысып қалуы мүмкін. Екінші фактор - ол теңізде шекарамызды түнде бұзуы фактілері тіркелуі мүмкін. Сол себептерден біз рұқсат бермей отырмыз.
Балықшылар осы заңға өзгеріс енгізуді сұрайды. Сол үшін олар Көлік бақылау инспекциясының талаптарына сай, қайықтарын жабдықтап, борттық нөмірлерін, жарықшамдары мен радио қабылдағыштарын әзірлеп қойған.
Данияр Әкімжанов, Балық шаруашылығы қауымдастығы облыстық филиалының басшысы:
Заңдағы баптың ішіне кәсіпшілік шағын көлемді қайықтарға рұқсат етіледі деп, қосымша қосу керек. Себебі аталған балықтардың барлық түрі түнгі мезгілде жүреді. Балықшылар реттеушілер. Балықтың популяциясында аулап отырмаса, өздігінен табиғи өлім көбейіп кетуі мүмкін.
Облыста балық аулауды заңды түрде жүзеге асыратын 600-ден астам балықшы бар. Аталған мәселе бәріне ортақ.
Аягөз Оралбайқызы
