Шымкентте 7 жасар бала үйдің маңындағы кәріз суы жинақталған көлшікке құлап, мерт болды. Жалғыз өзі ойнап жүрген бүлдіршінің тереңдігі екі метр болатын шұңқырға құлағанын ешкім көрмей қалған. Лас суға тұншығып, жантәсілім еткен оның денесін анасы мен көршілері арада 4-5 сағат өткеннен кейін ғана тауып алды. Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиғаның мән-жайына тексеріс жүргізіліп жатыр.
Әлия Суанова, көрші:
Бұл жер дәретхана болып кеткен. Алдымен көлшік болып басталды. Одан кейін толды. Нәжіс су. Терезелерде ашсаң иісі бұрқырайды кәдімгідей. Айтатын жерге айттық. Анаған хабарлассаң соттасып жатырмыз дейді, мынаған хабарлассаң да соны айтады. Қашан бітеді бұлардың соты.
Ені 4, ұзындығы 50 метр болатын шұңқыр әуел баста жауын суы ағып кететін арна ретінде қазылған. Кейіннен оның жанынан өткен кәріз жүйесі жарылып, көлшікке айналады дейді тұрғындар. Одан бері арада бір жыл уақыт өткен. Жергілікті билік мердігер мекемеге арнаның аумағын темірмен қоршау және сыртына сақтандыру белгілерін орнату туралы тапсырма бергенімен, талап сол күйі орындалмай келген.
Асқар Әшіров, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы Су және кәріз бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Мердігер мекеме істеуі керек еді. Бірақ ол сотталып кетті. Сондықтан біздің өзіміздің ГКП-ға тапсырма беріліп, жұмысты арттырдық. Суды тартып, тексергеннен соң бетін жауып кетеміз. Қосымша қоршау керек болса қоршаймыз.
Ғани Қалмаханов
