Қазақстан мен Эстония сауда-экономикалық байланысты нығайтпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Эстония сауда-экономикалық байланысты нығайтпақ

15.04.2025

Еуропада қазақстандық бидайға сұраныс күннен күнге артуда. Биыл қаңтарда Эстонияның Силламяэ порты арқылы Италияға 45 мың тонна отандық бидай экспортталды. Порт басшылығы еліміздің Эстониядағы елшілігімен бірігіп, қазақстандық тауарлардың Еуропа, әлем нарығына көптеп тасымалдануына күш салмақ әрі сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға ниетті.

Эстония – Қазақстанның Балтық теңізіндегі маңызды серіктесі. Ал Қазақстан – Эстонияның Орталық Азиядағы басты әріптесі. Қос елдің тауар айналымы былтыр 71,7 млн долларды құрады. Эстондықтар бізге машина мен химиялық өнімдер тасымалдап отыр. Біздің ел Эстонияға негізінен минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттайды. Жоғары сұрыпты қазақ бидайы Эстонияның теңіз порты арқылы жаһан елдеріне жөнелтілуде.

Яанус Паас, Слламяэ портының бас директоры:

Қазақстандық бидай өте сапалы, Еуропа елдеріне керегі де осы, сапалы өнім. Өз тауарын теңіз арқылы әлемдік нарыққа шығаруға логистикалық хаб іздеген Қазақстан үшін Эстонияның Силламяэ порты таптырмас мүмкіндік. Осы жерден Балтық теңізіне, әрі қарай Латын Америкасының порттарына шығуға өте ыңғайлы.

Әнуар Әділбеков, ҚР Эстониядағы елшілігінің кеңесшісі:

Келесі 5-6 айдың ішінде әр ай сайын шамамен 40 мың тонна қазақстандық бидай дүниежүзілік нарыққа шығарылатын болады. Бұл бидай негізінен Көкшетау, Шортанды, Атбасар, Тобыл, Сұлу және т.б. элеваторларынан келуде.

Теміржолмен Эстонияға жеткен қазақстандық зығыр мен рапс тұқымы да осы Силламяэ порты арқылы қарт құрлық елдеріне жіберіліп жатыр. Отандық өнімнің кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі жергілікті билікпен теміржол тарифін 30 пайызға төмендету туралы келісімге қол жеткізді.

Әнуар Әділбеков, ҚР Эстониядағы елшілігінің кеңесшісі:

Солтүстік Қазақстан облысындағы Nord Panels компаниясы Петропавлда өндірілетін фанераны өз нарығын Эстониядан тауып, әр ай сайын 20 вагон шығарып отырады. Бұдан басқа «ҚазАзот» компаниясы биыл Еуропаға Эстония арқылы 20 мың тоннадан артық тыңайтқыш шығаруды жоспарлап отыр.

Эстония тарабы болашақта Қазақстаннан көмір мен түрлі метал өнімдерін импорттауды көздеп отыр. Ал біз үшін Эстонияның асыл тұқымды ірі қара санын көбейту тәжірибесі маңызды. Мұнда жылына 6 мыңға жуық Голштин, Ангус, Герефорд тұқымдары өсіріледі.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Асыл тұқымды сиырларды еліміздің Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының фермерлері Эстониядан сатып алып, Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы елге жеткізуге уағдаласты. Қазақстандық шаруалар жақын күндері Таллинге сапарлап, елдің ветеринарлық стандарттарымен танысады. Қос тарап өкілдері ортақ жобаларды жүзеге асырып, сауда саттықты еселеуден үмітті.



Хабарламаларға жазылу