Дін көшбасшыларының күш-жігерін біріктіру және рухани дипломатияның әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Сауд Арабиясында өткен «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысқан Сенат төрағасы осылай деп мәлімдеді. Мәулен Әшімбаев әлемде геосаяси шиеленістер, экологиялық және экономикалық тұрақсыздық тереңдеп бара жатқанын айтты. Палестина мен Газадағы жағдайға тоқталып, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін саяси диалогты күшейту қажеттігін жеткізді. Форум барысында Дүниежүзілік ислам лигасы мен Қазақстандағы конфессияаралық диалог орталығы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат діндер арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
Қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған VIII Съезд өтеді. Қазір діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен әрекеттері аса маңызды. Сол арқылы ғана біз қарулы қақтығыстарды және халықтар мен діндер араздығын тоқтатуға арналған іс-қимылдарды жандандыра аламыз.
Шерхан Жамбылұлы
