Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына ай сайын өтемақы төленуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына ай сайын өтемақы төленуі мүмкін

16.04.2025

Енді қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат берілмек. Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарында қарасораны өсіретін алқаптар да қарастырылып отыр. Ал бұл өсімдік түрінен қандай өнім өндіру көзделген? Бүгін Мәжіліс депутаттары мақұладаған заңда тағы қандай өзгерістер бар? Парламенттен Самал Қабышеваның бейнематериалы.

Самал Қабышева, тілші:

Тәуелсіздік жылдары қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және жарына ай сайын өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл төлем балаларына 23 жасқа толғанға дейін беріледі. Ал жарына өмір бойы төлеу қарастырылған. Бірақ осы жарына қатысты төлемде арнайы талап бар.

Амантай Жарқынбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Тұрмысқа шығып, екінші шаңырақ құрған жағдайда ол өтемақыны ала алмайды. Қаза тапқан адамның сол сәттегі айлық жалақысы бар ғой, соның 40 пайызы отбасының бір мүшесіне беріледі. Мысалы, әйеліне 40 пайызы берілсе, баласы болса, баласына 40 пайызы. Екі, үш одан көп балалары болса, барлық 100 пайызды сол отбасыға теңдей бөліп береді.

Сондай-ақ заңға енгізілген өзгеріс қарасораға қатысты болды. Бұл тұрғыда депутаттар алаңдаушылық білдіріп, Ішкі істер министрінің орынбасарына өз сауалдарын қойды.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қоғамға өте қауіпті шөп болғандықтан бұл шөптің белгілі бір реестрі болуы керек. Есікртікіге байланысты тәуекел кеңістігіне жататын азаматтарға тартымды елдерге айналып кетпейді ме?

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Өнеркәсіпте пайдаланатын қарасораға келетін болсақ, конопля дейміз. Оның затты құрамы 0,01-0,03 ғана пайызы бар. Ал марихуана деген қылмыстық жауапкершілік тудыратын қарасораға келетін болсақ, бұл әрине Шу өңірінде өсетін, жабайы түрде өсетін 15 пайыздан құрамы бар.

Мәселе осы құрамында болып тұр. Яғни өндірістік мақсатта өсірілетін қарасораның құрамында есірткі мөлшері тым аз болады, дейді мамандар. Ал қарасораны өсірудегі мақсат – сапалы жіп, мата өнімдерін өндіру. Кәсіпорындарға қойылатын талап қатаң болады.

Самал Қабышева, тілші:

Ішкі істер саласының, яғни полиция қызметіне қатысты заңдағы өзгерістерді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Екінші оқылымға жіберді. Артынша Сенатқа жолданады. Ол жерде заң толықтай қолдау тапса, Президентке қол қоюға жіберіледі. Бұл заң жобасына 16 түзету мен өзгерту енгізіліп отыр. Мақсат – полиция қызметін бюрократиядан арылту.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу