Жабайы аңдар мен өсімдіктердің популяциясы 60 пайызға кеміген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жабайы аңдар мен өсімдіктердің популяциясы 60 пайызға кеміген

16.04.2025

«Биологиялық әралуандылықты қорғауда жаһан елдері күш біріктіруі тиіс». Еуропадағы жануарлар мен өсімдіктерді қорғау ұйымының өкілдері осылай дейді. Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен соңғы 40 жылда жабайы аңдар мен өсімдіктердің популяциясы 60 пайызға азайып, қазір бір миллионы жойылып кетудің алдында тұр. Қарт құрлық елдері оны сақтау үшін қандай шара қолдануда? 

Волонтерлар тасбақаның мұрнына кірген пластик түтікшені бір сағат дегенге әрең суырып шығарды. Сіз бен біз жеміс шырынын ішуге қолданған түтікше. Жылына теңіз, мұхиттарға тонналап тасталатын пластик қалдықтары су жануарларының тіршілік етуіне зиян тигізіп жатыр. Полимерлерден, теңізге төгілген қара мұнайдан тұншығып, биылдың өзінде 300 мың кит пен дельфин қырылған.

Жануарларды қорғау ұйымы өкілдерінің жанайқайынан соң, ЕуроОдақ елдері бір рет қолданатын пластик ыдыстарды тұтынуға, шығаруға тиым салды. «Өзендерді тазала» қозғалысының белсенділері әр ай сайын халықты өзен-көлдерді қоқыстан тазартуға жұмылдырып отыр.

Томас де Гроот, «Өзендерді тазала» қозғалысының жетекшісі:

Жылына мұхиттарға өзендер арқылы 12 млрд келі пластик қалдықтары түседі. Адамдар өздеріне қиянат жасайды. Себебі, пластиктің майда бөлшектері балықпен, тамақпен ішімізге түсіп жатыр. Сондықтан, әлем елдері пластикті қолданудан, оны шығарудан бас тартуы керек.

Еуропада жыланбалықтың популяциясы 90 пайызға азайған. Алабұға мен камбала да қызыл кітапқа енгізілмек.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Сондықтан, Еуропада көрінген су айдындарына қармақ салуға болмайды. Бекітілген орындарда балық аулау үшін лицензия қажет. Заңға бағынбағандар браконьерлік әрекеті үшін 50 мың еуро айыппұл төлеп, 2 жылға бас бостандығынан айырылады.

Еуропада ителгі, лашын, дауылпаз сынды құстың 67 түрі жойылудың алдында тұр. Экологтар жабайы аң-құсты қаскөйлікпен қолға түсіргендерге жазаны күшейтуді талап етуде.

Натали Десси, Жануарларды қорғау ұйымының қызметкері:

Егер сирек кездесетін құстар жойылатын болса, онда алдымен улы жәндіктер көбейеді. Олар егінді жайпайтын болса, адамзат азық-түліксіз қалады. Экожүйені құрту-экономикалық проблеманы күшейтіп, экологиялық апатқа ұшыратады.

 «Биоәралуандылықты қорғау үшін әлем елдері күш біріктіруі тиіс»,-дейді мамандар. Сирек кездесетін аң-құстарды сақтап, көбейту мақсатында ЕуроОдақ 2030 жылға қарай құрлық пен теңіз аймағының 30 пайызын қорғауға алмақ. Стратегияны жүзеге асыруға Одақ елдері жыл сайын 20 млрд еуро бөлуге міндетті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу