Аттракциондардың қауіпсіздігіне кім жауапты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аттракциондардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

16.04.2025

Алдымен аттракциондағы адам жанын түршіктірген оқыс оқиғаларға оралсақ. Осыдан 3 жыл бұрын қарағандылық 33 жастағы әйел 25 метр биіктіктен беліне арқан байлап секіріп, мерт болды. Ал 2021 жылы Шымкентте шыр көбелек айналған әткеншекке мінген 55 жастағы азаматтың жүрегі тоқтап қалды. Тізе берсек дерек көп. Бірақ, әлі күнге қадағалау жоқ.

Жақында Алматыда да алып аттракцион істен шығып, 30 шақты адам көкте 20 минуттай тұрып қалған. Ал бұл «ромашка» деп аталатын құрылғының істеп тұрғанына 30 жыл болған.

Павел Рудаков, ойын-сауық саябағының аға инженері:

Көктемде, яғни маусым басталмас бұрын жыл сайын «КазСтройДиагностика» компаниясын шақырамыз. Олар барлық аттракциондарды тексереді. Мейлі ол экстремалды, балаларға арналған немесе отбасылық болсын. Мына «Ромашка» аттракционын 1998 жылы қойылған. Биыл күрделі жөндеуден өтті.

Соңғы 5 жылда ешқандай тұлға аттракционға сертификат алмаған. Яғни еліміздегі ойын техникасының ең жаңасының өзі біршама уақыттан бері қолданыста. 2019 жылы Сауда және интеграция министрлігі экстрималды ойын техникасына арналған ұлттық стандартты бекітті. Ереже бойынша ойын алаңдарындағы қауіпсіздікті бақылау сол аумақтағы атқарушы билікке жүктелген.

  Айжан Ақай,Нұра ауданы әкімдігінің ресми өкілі:

Маусым басталар кезде және маусым аяқталар кезде бір рет диагностика жүргізіледі. Оған арнайы сертификаты бар мамандар, сертификатпен айналысатын ұйымдар қатысады.

 Қандай күтім болса да, темірді тот басады. Тозады. Сондықтан апта сайын, тым болмағанда айына бір, қадағалау қажет дейді тұрғындар.

Ойын-сауық алаңыдағы қауіпсіздікті күшейту керек. Себебі мұндай ойын алаңдарындағы техникаларды жіті бақылап, жүйелі түрде тексеру жүргізетін арнайы мекеме елде атымен жоқ, дейді сарапшы.

Тұрсын Жағыпарова, Қазақстан тұтынушылары республикалық қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Бүгінгі күні біздің кәсіпкерлерді саналы деп айта алмайсың. Жаз келсе болды, қайтсе де мына екі-үш айдың арасында ақша табуды көздейді. Қытайдың анау резеңкесі өте қауіпті, батуттарын әкеледі. Біздің елде қолданып жатқан аттракциондардың 80 пайызы шетеледе сызып тастаған, қолданбайтын аттракционды сатып алады.

Елордадағы аттракциондар әлі іске қосылмады. Алдағы аптада күн жылынса, кәсіпкерлердің саудасы қызатыны сөзсіз. Бірақ қызыққа құмартып адреналин сыйлайтын ойын құрылғысына асықпағаныңыз абзал, дейді мамандар. Өйткені, сауық құрам дегендерді қауіп күтіп тұрмасына кім кепіл?! 

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу