«Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан мен Павлодар облыстарында түрлі шаралар өткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан мен Павлодар облыстарында түрлі шаралар өткізілді

17.04.2025

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында «Таза бейсенбі» акциясы аясында «Даңқты батыр бабалар» аллеясы тазартылды. Өңір тұрғындары есімдері қашалып жазылған ескерткіш тақтаны жуып-шайып, бабалар рухына тағзым етті. Бір мүдде, ортақ мақсат аясына біріккен партия өкілдері аллеяның ажарын ашатын гүлдер егіп, ағаш көшеттерін отырғызды.

Алтынсары Үмбетәлиев, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы:

«Таза Қазақстан» акциясы бұл жәй ұран емес, бұл – еліміздің өзекті экологиялық мәселесін шешуге бағытталған бағдарлама. Біздің негізгі мақсатымыз, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және халықтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

Ал Павлодарда «Birgemiz» орталығының еріктілері «Экосеруен» үстел ойынын өткізді. Бұл адамның ойлау қабілетін арттырып, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға насихаттайтын ойын дейді жастар. Бір қарағанда «Монополияға» ұқсайды. Бірақ карталарға бағалар мен айыппұлдар емес, қоршаған ортаға қатысты сұрақтар жазылған. Бұл ойынға 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Авторлық құқық Павлодарлық еріктілерге тиесілі.

Айжан Қали, еріктілер орталығының жетекшісі:

Жеңіл нұсқасында экологиялық зейінді дамытуға бағытталған сұрақтар мен рефлексияға тапсырмалар болады. Мысалы суды үнемдеу неге маңызды деген сияқты. Ал күрделі нұсқасында Каспий теңізінің ластануының негізгі себебі неде дейгендей. Табиғатқа ұқыпты қарауға және оны насихаттауға бағытталған.

Айнұр Әбілқасымқызы, Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу