Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Алдымен Қордай ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен құрылысын көрді. Бұл екі елдің алыс-берісін арттыруда өте маңызды шекаралық басты нысан.
Өйткені Қазақстанның «Қарасу», Қырғызстанның «Ақ-Тілек» өткізу бекетіне іргелес жатыр. Үкімет басшысы кешен инфрақұрылымын дамытып, инвестиция тарту жоспарын сұрады. Енді Қазақстан аумағында агро өнімдер, пластик ыдыстарды қайта өңдеу, кабельдік тауарлар мен фарфор ыдыстар дайындайтын өндіріс орыны ашылмақ. Жобаларға 40 млрд теңге инвестиция тартылады. Қазір мұнда сүт, ет, жидек, көкөніс, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнім өндіретін кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым дайындалып жатыр. Мақсат – тауарлардың жаңа түрін өндіріп, оны халықаралық тауар өткізу жүйелеріне енгізу арқылы сату болып табылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Екі елдің Президенті бұл кешен арқылы өзара тауар айналымын 3 млрд долларға ұлғайту туралы тапсырды. Бұл қос тарапқа өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, дайын өнімді өткізудің тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жоспарды орындау, жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселелерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет.
Сондай-ақ Премьер-Министр «Корцем» цемент зауытының жұмысын көрді. Былтыр қосылған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,3 млн тонна цементті құрайды. Бектенов ел нарығы мен экспорттық дәлізді кеңейтуге күш салу керек деді. Ары қарай Сарысу ауданында болып, 1 млн тонна кальцийленген сода шығаратын «Qazaq Soda» зауытының құрылыс барысын тексерді. Бүгінде жоба 30%-ға аяқталды. Келер жылы тамызда ашу жоспарланған. Тартылған инвестиция 400 млн АҚШ долларын құрайды.
Данияр Әлімқұл
