Қостанай облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу саласы кенжелеп тұр. Соңғы 7 жылда өңделген өнімнің үлесі бар болғаны 10%-ға ғана артқан. Себебі, жұмысты жандандырып, әрі қарай дамытатын жұмыс күші тапшы. Мәселе қалай шешілмек? Әріптесім Мәдина Нағашыбайдың материалы.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Қоқыс полигонынан сұрыпталып, алып келген полтэтилен пакеттер осы жерде үгітіледі. Пеште мынадай қиыршық құммен араласып, қайнайды. Одан кейін арнайы қалыпқа салып, жолға тас төсеме, мынадай дайын өнім жасап шығады.
Бұдан бөлек қоқыстан құдық қақпақтары, қәріз торлары жасалады. Алайда бұл өнімдерге сұраныс мәз емес. Соның салдарынан цех жұмысы 3 жыл тоқтап тұрды. Кәсіпорынға пластик пен полиэтилен жеткізетін сұрыптау орталығында да жағдай оңып тұрған жоқ. Шағын өндіріс 6 жыл бұрын ашылса да, тек былтыр іске қосылды. Себебі , қоқыс сұрыптайтын жұмысшы тапшы. Сондықтан мұнда Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары еңбек етіп жүр.
Мавлюда Мирзахон, Тәжікстан азаматы:
Тәжікстаннан күйеуіміз екеуміз келдік. Тағы бес адам бар. Біздің елде жұмыс табу қиын. Ол жақта жалғыз жолдасымның жалақысына қарап отырдық. Бала-шағымыз бар, бізге ол жетпейтін. Бұл жерге келгенімізге 3 айдай уақыт болды. Ай сайын 250 мың теңге төлейді.
Ал облыстағы мансап орталығының мәліметінше, Қостанайдың өзінде 2604 жұмыссыз азамат бар. Көбі көлік жүргізушісі, ас үй көмекшісі, әрі кетсе санитар сынды жұмысты істегісі келеді екен. Амалсыз, кәсіпкерлер шетелдік жұмыс күшіне жүгінеді
Ерлан Құлманов, Кәсіпорын құрылтайшысы:
Біздің өз азаматтарымыз полигонда жұмыс істеуге құлықыз. Түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің өздері келмеді. Сондықтан тығырықтан шығу үшін облыс әкімдігінен шетелден жұмысшы тартуды сұрадық. 20 адамға квота бөлінді.
Бірақ, мұнымен кадр тапшылығы шешілген жоқ. Биыл тағы жұмысшы керек. Себебі, қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуді жетілдіре түсу үшін өңірде тағы төрт цех іске қосылмақ. Бұл мақсатқа утиль алым есебінен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді.
Әділбек Мырзатаев, Облыстық табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:
Биыл Рудныйда 3 жоба жүзеге асады. Қала полигонында 50 мың тоннаға дейін қоқыс сұрыптайтын кешен ашылады. Ал 30 мың тонна құрылыс қалдықтарын үгітетін шредер жақында орнатылды. Одан бөлек техникалық резина өнімдерін өңдеу ісін кеңейту көзделіп отыр. Ал Қостанайда қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт салу жоспарда бар.
Мамандардың сөзінше бұл жобалардың арқасында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі небәрі 6% /пайызға/ артады. Есесіне қоқыс жылдағыдан көбейіп барады. Төгетін орын тапшы. Өңірдегі 239 полигонның 123-і ғана санитарлық талаптарға сай. Ал Қостанай қаласындағы полигонның пайдалану мерзімі 2028 жылы аяқталады.
Мәдина Нағашыбай
