Президент бірнеше нысанды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бірнеше нысанды аралады

18.04.2025

Мемлекет басшысы жұмыс сапармен Маңғыстау облысына барды. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар нысанды аралап, жұмысымен танысты. Сондай-ақ өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін атқарылуы тиіс маңызды жұмыстар туралы тапсырмалар берді. Маңғыстау облысынан әріптесім Оңғар Алпысбайұлы тарқатады.

Маңғыстау облысы елімізге мұнай-газ қорларымен танымал. Экономикасының негізгі табыс көзі де осы. Ауа райы мен топырағының құнарсыздығына байланысты ауыл шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Әлеуметтік маңызы бар тауардың 19 түрі де сырттан жеткізіледі.

Гүлжихан Жақаева, Көтерме тарату орталығының құрылтайшысы:

Облыста біздің ең негізгі мәселе ол – азық-түлік бағасының тұрақсыздығы. Баға үнемі ойнап тұрады. Біздің облыстың орналасуына және климатына байланысты азық-түліктің 85 проценті сырттан келеді. Азық-түлік тұтынушыға жеткенше бағасы 30-40 пайызға көтеріліп кетеді.

Сондықтан батыс өңірінде бірінші болып салынған көтерме тарату орталығының стратегиялық маңызы зор. Нысанның жұмысымен Мемлекет басшысы арнайы барып танысты. Қазір 5 алып қойма іске қосылған. Қазақстанның барлық аймағынан, алыс-жақын шетелден азық-түлік тікелей жеткізіледі. Жыл соңына дейін арзан бағадағы сауда ғимараты ашылады. Есеп бойынша жоба облыстағы бағаны 15 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.

Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің технопаркіне барды. Мұнда оқушылар мен студенттер қолөнер, робототехника, жиһаз жасау сияқты үйірмелерге тегін қатысады. Ырысжан Сансызбай сегіз жылдан бері бағдарламалау, робот құрастыру жұмыстарымен айналысады. Бүгін Президентке жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, өз қолымен жасаған жеткізуші роботын таныстырды.

Ырысжан Сансызбай, Робототехника зертханасының меңгерушісі:

Бұл біздің Есенов университетінде кампуста жүктерді жеткізіп беретін робот. Толық интеллектуалдық жүктемеде жұмыс істейді. Бағдарламасын өзім жаздым. Сыйымдылығына қарай 20-30 қорап тасиды.

Маңғыстауда дамуына ерекше басымдық беріліп жатқан тағы бір сала – спорт. Былтыр өткен Париж Олимпиадасына облыстан бірде-бір спортшы жолдама ала алмаған. Кейін Президенттің тапсырмасына сай дарынды балаларға арналған мектеп интернат колледжі ашылды. Ал бұқаралық спортты дамыту үшін алып кешендер мен спорт мектептері салына бастады. Солардың бірін Президент аралап көрді.

Сұңғат Мұңалбаев, BS құрылыс компаниясының жетекшісі:

Бұл жерде он түрлі спорт түрі қаралған. Сол барлық алаңдарымыз стандартқа сай. Қазіргі тұрған алаңымыз мысалы, футзал алаңы. Бұл барлық облыстық, қалалық, республикалық сайыстарды өткізуге дайын тұрған алаң.

Президент Маңғыстау өңіріндегі көлік-логистика инфрақұрылымының даму барысымен танысты.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ақтау – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Қазір өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Теңіз порты арқылы осы портқа жеткізілген жүк Қазақстанның барлық өңіріне, Ресейге, Қытайға жөнелтіледі. Ал осы жерден кемеге тиелген барлық жүк Иранға, Әзербайжанға аттанады. Ары қарай батыс елдеріне жеткізілуі оңай.

Былтыр Ақтау және Құрық порттары арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде жүк тасымалы 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен.

Әмір Атамбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

Былтыр Ақтау порты арқылы 4 млн 880 мың тонна жүк тасымалданды. Оның 3 млн 375 мыңға жуығы мұнай, қалғаны өзге тауарлар. Контейнерлерге келетін болсақ, 2024 жылы 53 мыңнан астам 20 тонналық контейнер тиелген. Жаңа жобалар өткізу мүмкіндігін 240 мың контейнерге дейін жеткізеді.

Аталған бағытпен 358 контейнерлік пойыз, 27 мың автокөлік жүк тасымалдаған. Экспорт көлемі 3,2 млн тоннаға жеткен. 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Кендірлі курорты аумағындағы әуежай құрылысын тезірек аяқтауды тапсырды.

Президенттің айтуынша, Қазақстанды Еуразияның көлік-логистика хабына айналдыру жолында Маңғыстаудың алатын орны ерекше. Сондықтан оның әлеуетін тиімді пайдалану қажет. Өйткені бұл міндеттің стратегиялық маңызы зор.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу