Қостанайлық мұғалімдер Бейімбеттің Шұғасы мен Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» комикс кейіпкеріне айналдырды. Жасанды интеллектің көмегімен оқушылардың кітапқа қызығушылығын осылай оятқан. Ал балалардың өздері оны жапондық «Манга», америкалық «Марвел» комикстерінен еш кем емес дейді.
«Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгіштермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол». Қаламы қарымды жазушы Бейімбет Майлин Шұғаны осылай суреттесе, комиксте жасанды интелект кейіпкерді оқушыларға былай таныстырады.
Қазақ тіліндегі алғашқы жасанды интелект QazJPT-ге мазмұнын бейнелеп сөйлем жазсаңыз, сізге дайын сурет ұсынады. Қостанайлық мұғалімдер Елмира Рахимова мен Ақбота Жаңалыққызы жаңа заманның құралын қазақ әдебиетінің насихатына жұмсап жүр. Сапалы нәтиже алу үшін кескінді бірнеше мәрте өңдейді. Ал мәтінін ықшамдайтын өздері.
Самрат Қылышбай, 9 сынып оқушысы:
Біз достарымызбен шетел комикстарына қызығамыз манга деген. Біз оларды оқимыз, бірге талқылаймыз. Бізге Ақбота Жаңалыққызы осы комиксты көрсеткенде, аса қызығушылықпен оқып, суреттерін қызығып, толықтай сюжетті түсініп, үйге барғанда, хрестоматия кітабынан барлығын дұрыстап оқып шықтық.
Комикстың екі тілде басылған 166 данасы бар. Бұдан бөлек М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Т.Нұрмағамбетовтың «Анасын сағынған бала», Т.Әбдік, А.Алтай сынды жазушылардың шығармалары жаңа форматта жарық көрді.
Эльмира Рахимова, мұғалім:
Ұстаздар қауымы арасынан қызығушылық туындап жатыр, өйткені бұл оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын үлкен жоба. Яғни бала көз алдына елестетіп, диалогтар арқылы, түсіну, қабылдау және өз пікірін білдіруге, өзінің ой қорытуына мүмкіндік беру керек. Соған байланысты комикс технологиясын таңдап алдық.
Білім берудегі тың әдістеме облыс әкімдігінен қолдау тауып, өңірдегі өзге мектептерге де енгізілмек.
Мәдина Нағашыбай
