Шерзат Полат ісі: Жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат Полат ісі: Жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды

20.04.2025

Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан сот барысында тоғыз айыпталушының төртеуінің бұрын сотталғаны айтылды. Біреуі кәмелетке толмаған.

Бейсенбі мен жұмада жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алынды.

Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырованың сөзінше, жиналған топ немересін ұра бастаған кезде Шерзатты көрген. Бірақ жете алмаған. Айтуынша, айыпталушылардың бірі итергеннен кейін құлап қалған.

«Мен тұра алмай жатырмын, бірақ қарасам, Шерзатты сол жерге барған адамның бәрі ұрып жатыр екен. Қол көтермеген, аяғымен теппеген бір адам қалған жоқ. Менің балама сүйтетіндей бұларға не істеп қойғанын әлі күнге дейін түсінбеймін» деді, Шерзаттың әжесі.

Жауап беріп залдан шыққаннан кейін оны жедел жәрдем көлігі алып кеткен.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да баласына қарай ұмтылғанда оны айыпталушылардың екеуі қолынан ұстап, жібермегенін айтты.

«Жұлқынып, Шерзат жаққа жүгірдім...Барып жеткенде ол «мама, мына жағыма қарашы» деп сол жағын көрсетеді. Пышақ сұғылғанын көрдім» деді Гүлбара Бишімбиева.

Әкесі Қаржаубай Нұрымов оқиғаның қалай болғанын баяндай келе «Әйелім баласын ұрғызбай қорғаштап жатты. Анасының жылауына, өтінішіне қарамады», деді ол.

16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда ата-анасы жалға алған дүкен маңында қаза тапқан. Сатып алушымен басталған даудың соңында мерт болды.

Шерзаттың әкесі «Әділетті шешім күтемін, отбасымды мазаламасын, баламның қанын төккендер тиісті жазасын алсын» деді.

Келесі сот отырыстары сол Талдықорғанда, сәуірдің 28-і мен 29-да өтеді.


Хабарламаларға жазылу