Астанада Ұлттық кітап күніне орай үздіктер марапатталды. «Кітап ұлттың байлығы – рухани қазынасы» деп аталған шарада үздік оқырмандар мен қаламгерлерге 9 түрлі номинация табысталды. «Үздік отбасы» – Құсайыновтар әулеті, «Үздік оқырман» – Әсия Ағыбаева, «Жыл кітабы» номинациясына Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» хикаяты таңдалды. Сондай-ақ, «Үздік балалар шығармасы», «Үздік жас жазушы», «Үздік инклюзивті ақын», «Үздік студент оқырман мен оқушы» аталымы бойынша жүлделер табысталды. «Кітапхана жанашыры» атауы бірқатар қоғам белсенділеріне берілді. Мәдениет басқармасы басшысының айтуынша, оқырмандардың қатары артуына байланысты биыл елордада 3 кітапхана есігі ашылмақ.
Жаңабай Мейірманқұлов, Мәдениет басқармасының басшысы:
Астана қаласында бүгінгі күні 22 кітапхана жұмыс істеуде. 2025 жылы тағы 3 кітапхана қосылады. Сонымен жалпы саны 25 кітапхана болады. Бізге жаңадан 3 ғимарат берілді.
Динара Жарқынбек
