Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте газ саласын дамыту мәселесі қаралды

23.04.2025

Қазақстанда газ тапшылығы шешілді. «Қазақгаз» ұлттық компаниясының төрағасы Үкімет отырысында осылай деді. Жалпы, соңғы жылдары еліміз бойынша газ тұтыну мөлшері жылдам артып келеді. Яғни, өндіріс пен жеткізушілерге түсетін салмақ ауыр. Жиында саладағы проблемалық мәселелер де көтерілді.

  Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иә, үлкен мәселелердің бірі Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты. Президенттің тапсырмасына сай нысан былтыр тапсырылуы тиіс еді. Бірақ, құрылыс 3 жылға кешігіп жатыр. Өткен аптада Маңғыстау облысына сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені көтерген.
Ұлытау облысында да проблемалық жоба бар. Былтыр өңірдегі газ саласына 2,7 млрд теңге бөлінген. Бірақ оның басым бөлігі игерілмей қалған. Яғни, жұмыста салғырттық бар. Премьер-Министр облыс әкіміне ескерту жасады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 62,8 миллиард текше метр газ өндіру жоспарланған. Биыл ел халқының 62 пайызы, яғни 12 миллионнан астам адам газға қол жеткізеді деген жоспар бар.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — ЮНЕСКО аясында мәдени мұраларды сақтау және ілгерілету. Қазіргі таңда Қазақстанның тоғыз нысаны Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Олардың қатарында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері және Ұлы Жібек жолының археологиялық ескерткіштері бар.
Қазір бұл тізімге енген мұраларымызды көбейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – еліміздің мәдени мұраларын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу