Ғасыр жасаған жауынгер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғасыр жасаған жауынгер

23.04.2025

Екінші дүниежүзілік соғысқа Созақ ауданынан 6 мыңға тарта жауынгер аттанған екен. Солардың аман-есен елге оралғандарынан бүгінде көзі тірісі жалғыз Мырзахмет Жылысбаев ақсақал ғана. Биыл 99 жасқа келген қарт жауынгер әлі де сергек. Қолы қалт етсе, шығармашылықпен айналысып, есік алдындағы шаруашылықты да қадағалайды.

Мырзахмет ақсақал соғысқа аттанған кезде 18 жастағы бозбала еді. Сондықтан ол 1944 жылдың қараша айын ешқашан ұмытпайды. Колхоздағы сауаты жоқ ересектерді хат тануға үйретіп жүрген оны бір түнде майданға алып кетеді. Ардагер ұрыс алаңында №92 автоатқыштар полкы құрамында генерал-полковник Батовтың батальонында соғысқан.

Мырзахмет Жылысбаев, соғыс ардагері:

Еш қорықпадым. Өйткені біздің алдымыздағы мақсат – қалай да неміс фашистерін жеңу керек. Отанымызды қорғау керек. Сондықтан мен несіне қорқамын. Қорықсам сұранбаймын да, бармаймын де ғой. Біз соғыстың аяқ жағында бардық. Бірақ, Бауыржан Момышұлының өзі айтқан ғой, «соғысқа бір кіріп шыққанның өзі ерлік деп». Сондай ерліктердің ішінде болдық.

Қан майданда бес ай ғана болған бозбала Мырзахмет осылайша ерте есейді. Бірнеше қанды шайқастың куәсі болып, «жеңістің хабарын естігенде менен бақытты жан болмады» дейді. Себебі әкесінен ерте айырылған ол жалғыз анасын асырауды мақсат етіпті.

Кенжебек Жылысбаев, ардагердің ұлы:

Соғыста өліп кетер ма едім, кім біледі? Сол шешемізге қараймын деген менде мақсат болды. Елге оралып, анамды асыраймын деген міндет болды деп айтып отырады. Әкеміз барлық бала-шағасына жанашыр болып отырады.

 Мырзахмет Жылысбаев соғыстан кейін елге оралған соң ұстаздық қызметін жалғастырады. Ол өмірінің 46 жылын ұстаздық қызметке арнаған. Бүгінде жарымен бірге 13 ұл-қыздан 47 немере, 97 шөбере сүйіп отыр. Ардагер бос уақытында өмірден көрген-білгендерін қағаз бетіне түсіріп ермек қылады, одан қалса өзінің өсиеті мен ой-тұжырымдары жинақталған «Ұрпаққа аманат» атты кітап шығарған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу