Бүгін ұлттың рухани қазынасы жаңа кітаппен толықты. Академик, антрополог ғалым Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының шығу тегі» атты жаңа кітабы таныстырылды. Ғалымның еңбегінде қазақ ұлтының бірнеше мыңжылдықты қамтитын түпкі тарихы нақты дәйектермен жазылған. Өзінің 88 жыл ғұмырында талай қиындықты көрген ғалым Оразақ Смағұлов ұлттың антропологиялық, генетикалық құрылымын үздіксіз зерттеген. Тіпті, «Кеңес дәуірінде кітаптарымызды көз алдымызда өртеген» деп еске алады. Бүгін сол, 40 жыл бұрын «өртеліп жойылды» деген кітаптың сақтап қалған нұсқасын ғалым өзімен бірге ала келген. Осындай еңбекті сақтап қалғаны үшін және бүгін жаңа кітабын басып шығарғаны үшін еріксіз толқыды.
Оразақ Смағұлов, антрополог ғалым, ҚР ҰҒА академигі:
- Қырық жылдан кейін кітап шығару құдайдың бір қазақ халқының тілегі үшін маған берген өмірі ғой деп ойлаймын. Менің оң қолымдағы кітапты өмірде жазамын деп, сіздерге ұсынамын деп ойлаған жоқпын. Бұдан қырық жыл бұрын бізге Кеңес дәуірінде көз алдымызға көбінесе о дүние елестей берді, келешегімізден гөрі. Бірақ, Құдайға мың да бір рахмет, халқымның тілегі шығар.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ