Алматының ірі магистралі саналатын Райымбек даңғылындағы BRT құрылысы басталады. Жоба аясында BRT желісіне, яғни жүрдек автобусына арнайы жолақтар салынып, жаңа аялдамалар орнатылады. Нәтижесінде автобустардың орташа жылдамдығы 70%-ға артады. Бағыттар бойынша қоғамдық көлікті күту уақыты 4-7 минут аралығында болады. Бастапқыда тоғыз негізгі маршрут іске қосылады. Арнайы жолақтың салынуы қоғамдық көлікке басымдық беріп, алып шаһардағы кептелісті азайтуға сеп болады.
Құрылыс екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең, яғни маусым айына дейін арық жүйесі орнатылады, жаңа аялдамалар салынады. Сондай-ақ суару, инженерлік жүйелер көшіріледі. Ал маусым айынан бастап жаңа асфальт төселіп, жол таңбалары сызылады. Бағдаршамдар жаңартылып, тротуарлар, велосипед жолдары, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жоба үш бөлікке бөлінген. Пушкин көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін 1,8 шақырымды, Сейфуллин даңғылынан Ахрименко көшесіне дейін 7,2 шақырымды, Ахрименко көшесінен Алтын Ордаға дейін 7,5 шақырымды қамтиды.
Амангелді Аппақов, қалалық мобильділік басқармасының бас маманы:
Күнтізбеге бөлген себебі кей аумақтарда жалғыз көліктер емес, қоғамдық көліктер де басқа айналма көшелермен айналып жүретін болды. Бірінші көше мен екінші көше арасында қиылыстарының жабуын демалыс күндеріне жоспарлап отырмыз. Арнайы 36 сағатқа жауып, асфальт жамылғысын жауып біткеннен кейін, жұмыс күндеріне үлгеріп, ашуға тырысамыз. Жоба бойынша ең негізгі жұмыстар осы жылға жоспарланып отыр.
Айдана Қуантхан
