Келер жылы Қазақстанның 11 мәдени ескерткіші ЮНЕСКО-ның тізіміне енеді деп жоспарланып отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Қазір еліміз бойынша ірілі-ұсақ 25 мыңнан аса ескерткіш бар. Оның тек оны ғана бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Министрдің мәліметінше, жергілікті органдар тарихи жәдігерлерді күтіп ұстауға, жаңғыртуға, турист тартуға құлықсыз. Сондықтан оларды әлемдік деңгейде дәріптеу қиынға соғып жатыр. Аида Балаева тарихи ескерткіштерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, олардың маңызын арттыру үшін 7 министрлік бірлесе жұмыс істеуі керек деді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Біз өз тарапымыздан жергілікті әкімдіктерге бірнеше рет хат жолдап, тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға қатысты ұсыныстарымызды жібердік. Алайда кейбір жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жіті назар аудармай отыр. Осы орайда, министрлік жүйелі шараларды қамтитын 3 бағыттағы жоспар жобасын жасап, мемлекеттік органдармен келісіп, Үкімет қарауына ұсынуға дайын екенін атап өткім келеді.
Материалдық емес мұралар ЮНЕСКО тізіміне енеді
Мәдени мұраларды дамытудың екінші бағыты ЮНЕСКО-ның конвессиялық қағидаттарына сәйкес материалдық емес мұралар. Оған халқымыздың дәстүрлерін, өнер мұраларын және басқаларды жатқызуға болады. Қазір министрлік жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және әлемдік деңгейде жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
ЮНЕСКО-ның 2024 жылы бөлген гранты ерекше маңызға ие, ол 5 пилоттық салада практикалық шешімдерді енгізуге бағытталған. Жақында ғана біздің ерекше дәстүріміз – «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбұрын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылады.
Оңғар Алпысбайұлы
