Атырау облысында 6 жыл бойы құрылысы бітпеген үйлер апатты жағдайда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында 6 жыл бойы құрылысы бітпеген үйлер апатты жағдайда

24.04.2025

Атырау облысындағы Аққыстау ауылында 60 пәтерлік үш үйдің құрылысы 6 жылдан бері бітпей тұр. Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан баспаналардың іргетасы қақырап, тапсырылмай жатып апатты деп танылған. Мәселе қалай шешіледі? Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт жауап іздеді.

Исатай ауданында жаңа үйді сарыла күтіп жүрген 900 адамның бірі – Гүлнәр Малдыбаева. Жалғызбасты ана 12 жыл бұрын үй кезегіне тұрған.

Гүлнәр Малдыбаева, Аққыстау ауылының тұрғыны:

Үй жалдап келе жатырмын 10 жылдан бері. Қазір жалақым аз болғасын жездемнің үйінде тұрып жатырмын. Қыздарым студент. Қиын.

Әкімдіктегілер баспанаға мұқтаж адамдар үшін 2019 жылы 60 пәтерлі үш үйдің құрылысын бастады. Алғашында жұмыс қарқын алғанымен кейін мердігер компанияның жауапсыздығынан тоқтап қалды. Қазір әкімдік компаниямен соттасып жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Құрылысты құлдыратқан мекеме барлығын жайратып сол күйі ашық-шашық тастап кеткен. Бюджеттің қыруар қаржысына сатып алынған құрылыс материалдары да әр жерде шашылып жатыр. Ең бір сорақысы, бұл үйлер бітпей жатып апатты деп танылған.

Ғаділ Боранбаев, Аққыстау ауылдық округінің әкімі:

Мұның басты себебі, бізге тап болған мердігерлердің жосықсыздығы, жауапкершілігінің жоқтығы. Құзырлы органдардың актісін немесе соттың шешімі емес, халыққа керегі пәтер, бірінші. Бұл бітуі керек.

Жалпы жобаның құны – 2,9 млрд теңге. Оның бүгінге дейін 2,1 млрд теңгесі игерілген. Қазір жоба сараптамадан өтіп жатыр.

Алтынбек Қуанғали, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

Жобаны құрылысты аяқтау үшін осы жобалаушы мекемемен құрылысқа түзету жұмыстары жүріп жатыр. Сол аяқталған соң нақты шешім қабылданатын болады.

Жауаптылар желтоқсан айына дейін 3 үйдің бірін бітіріп, халықтың игілігіне береміз сендірді. Бір жылға қоян терісі де шыдайды деген аққыстаулықтар жыл соңына дейін жаңа үйге көшсек деп үміттеніп отыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу