2029 жылға қарай отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі 50%-ға дейін артады. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Жиынға АҚШ, Еуропалық Одақ, Канада елшіліктері мен Америка Сауда палатасы және Pfizer, AstraZeneca сынды халықаралық фармацевтикалық алпауыттардың өкілдері қатысты. Салаға инвестиция тарту үшін заңнамаға салық жеңілдіктері, заттай гранттар, ұзақмерзімді келісімшарттар сынды артықшылықтар бар екені айтылды. Бұған қоса, дәрі-дәрмектердің нарыққа шығуын реттейтін процедура 2 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Біз инвестиция көлемін арттыруды, өндірісті локализациялауға, инвесторлардың қатысуымен жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға ниеттіміз. Кеңес аясындағы белсенді өзара іс-қимыл мен пікір алмасу еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту және іскерлік белсенділікті арттыру жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге қосымша серпін беретініне сенімдімін.
Шерхан Жамбылұлы
