Астанада «Run for Autism» қайырымдылық марафоны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Run for Autism» қайырымдылық марафоны өтті

26.04.2025

Осылайша, бүгін Астанада инклюзивті қоғам құру идеясын қолдаушылардың басын қосқан «Run for Autism» қайырымдылық жарысы өтті. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев дәстүрге сәйкес игілікті іске арнайы қатысып, ашылу салтанатында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бұл жарыс саламатты өмір салтын дәріптейтін және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды көздейтін маңызды қоғамдық бастамаға айналып келе жатқанын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бүгінгі шараның мақсаты - аутизм жайлы көбірек ақпарат беріп, елімізде инклюзивті ортаны қалыптастыру. Бүгінгі шараға 3 мыңнан аса адам тіркеліп, атсалысқан. Бұл өте тамаша көрсеткіш. Қазақстанда инклюзивті ортаны дамытуға атсалысып жатқан азаматтардың қатары көбейіп жатыр. Бұл біздің қоғамның, адамдардың өзгеріп жатқанының айғағы.

Қайырымдылық марафонына 3000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында ерекше қажеттілігі бар жандар да болды. Спорттық шара аутизм, депрессия, мазасыздық және басқа да менталдық ерекшеліктері бар адамдарды қолдауға арналған. Қатысушылар бір, екі жарым, бес және он шақырым қашықтықта жүгіріп өтті. Ал жиналған қаражат инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсалмақ.

Елдос Иманбаев, қала тұрғыны:

Былтыр біз қатысқанбыз. Бұл бірінші рет емес. Сонда да адам көп болды. Балама өзі адам көп жерлер ұнайды. Ол өте ерекше сезімде.

Зарина Балтабаева, қатысушы:

Аутизм қазіргі таңда біздің мемлекетте, елімізде, бүкіл әлем бойынша ең ауқымды тақырып. Аутизм балаларды қолдауымыз керек. Бұл жүгіру сол балаларға көмек ретінде.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу