Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті. Бұл институтқа 30 жыл. Баяндамасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселеге байланысты пікір білдірді.
Біз мына пайымына тоқталғымыз келеді: «...Ұлы Жеңістің тағылымы барша халыққа, әсіресе, саясаткерлерге ксенофобияға, нәсілдік және ұлттық үстемдікке, халықаралық құқық қағидаттарын құрметтемеуге құрылған жауапкершіліктен жұрдай саясат жүргізудің салдары қандай қасіретке әкелетінін әлі күнге дейін көрсетіп отыр».
Мектепте «Сөйлемдегі жасырылған сөзді тап!» деген ойын түріндегі тапсырма беріледі. Ал үлкен саясатта ой жасырылған сөйлемдер айтылады. Тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ. Бірден түсінесің.
Екінші цитата: «Өкінішке қарай, дүние жүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады».
Ал үшінші цитата: «Берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғысатын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабылдауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады».
Бұл «бүк түсіп қалуды» білдірмейді. Мысалы, саналы азамат өз құқын біледі. Талап етеді. Орындатады. Жанжалсыз, төбелессіз. Күлімсіреп. Темірдей аргументтерді сабырмен санамалап.
Себебі «көзі ақиып, аузынан көбік шашырап», кеудесін соға жөнелетін есерсоқ кімдер екенін және онысынан кейін олардың өздері таяқ жейтінін бүкіл әлем біліп отыр.
Ассамблея сессиясы туралы Шерхан Жамбылұлының материалы.
