Биыл 1363 бала қызылша жұқтырған. Ауруға шалдыққандардың 75 пайызы вакцина салдырмаған. Қызылша жұқтырған балалардың ең көбі Жамбыл облысында тіркелген. 300-ге жуық бала ауырған. Екінші Астана, үшінші кезекте Ақмола облысы. Дегенмен, мамандар биыл қызылша жұқтырғандардың саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай аз деді. Мәселен, былтыр 21 мыңнан аса бала қызылшамен ауырған. Сондай-ақ көкжөтелге шалдыққан балалардың да саны былтырғымен салыстырғанда едәуір аз. Өткен жылы 550-ге жуық, биыл 183 жағдай тіркелген. Олардың 89 пайызы екпе салдырмаған. Сондықтан мамандар дер кезінде екпе алуға кеңес береді.
Эльмира Құрбанбекова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы:
Бұл енді ауа тамшылары арқылы жұғатын вирусты инфекция болғандықтан өте тез, әрі жылдам тарайды. Мұны тек вакцинамен ғана тоқтата аламыз. Негізінде қызылшаға қарсы екпе 1 жаста және 6 жаста салынады. Көкжөтел де дәл сол сияқты.
Еске салайық, елімізде еуропалық иммундау апталығы басталды. 3 мамырға дейін бір апта бойы түрлі ауруларға қарсы егілетін вакциналардың маңызы түсіндіріледі. Еуропалық иммундау апталығын 53 мемлекет қолдап отыр. Жалпы елімізде инфекциялық ауруларға қарсы 21 вакцина салынады.
Самал Қабышева
