Петропавлда Заречный ықшам ауданында орналасқан саяжайларды су басты. Ал облыс орталығы тұсында Есіл өзенінің деңгейі бір қалыпта тұр. Қаладағы үйлерге су кіру дерегі тіркелген жоқ. Мамандар болжамынша, жақын күндері өзен деңгейі төмендей бастайды.
Эльмира Кәленова, тілші:
Заречный кенті 10 күннен бері су құрсауында тұр. Қайықтан басқа көлік қатынасы толықтай үзілді. Эвакуация әлі күнге жүріп жатыр. Үйлерін кетуге қимай жүрген тұрғындар да баршылық.
Солардың бірі - Елена Ремигайло. Үйі саяжай учаскесінде орналасқан. Көршілерінің барлығы эвакуациялық пункттерге кеткен.
Елена Ремигайло, Заречный кентінің тұрғыны:
Бұл менің жалғыз баспанам. Жиһазды 2-ші қабатқа көшіріп қойдым. Үйде екі мысық пен итім бар. Оларды апаратын жер болмағандықтан, ешқайда бармадым. Жақын күндері су кетеді деп үміттеніп отырмын.
Қызылжар ауданындағы Большая малышка ауылында да қарбалас. Жергілікті әскерилерге Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарынан келген әріптестері көмек көрсетуде. 500-ге жуық адам бел жазбай жұмыс істеп жатыр.
Жалғас Нұрғалиев, сарбаз:
Алдағы мақсатымыз енді тек суды ауылға кіргізбей, дамбаны жақсылап нығайтып, жақсы жұмыс атқарамыз деген ниеттемін.
Ауыл шетіндегі балшық үйіндісін екі жерден су шайып кетті. Соған қарамастан жауапты органдар тұрғын үйлерді тасқын судан аман алып қалуға барын салып тырысып бағуда. Тұрғындар мен төрт түлік қауіпсіз жерге көшірілді.
Сақтаған Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:
Валдарды күшейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. ТЖМ-нің сарбаздары келіп, техникасы, барлығы орнында. Сағат сайын облыс әкімі осы жерде барлық мәселелерді қадағалауға бағытталған жұмыстарды жүргізуде.
Өңірде тасқынының үшінші толқыны жүріп жатыр. Табиғи апатқа қарсы шараларға 1600-ден астам адам жұмылдырылған.
Эльмира Кәленова
