Талдықорғанда Шерзат ісі бойынша куәлерден жауап алынып жатыр. Бүгінгі сот процесінде түске дейін 5 адам сұралды. Оның екеуі – Талғар аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері. Түнгі кезекшілікте болған Жәнібек Әмірақынның айтуынша, қоңырау түскен соң бірден Менделеев көшесіне барған. Артынша қосымша көмек шақырған. Тау маңындағы көлікті байқап, Аскентай Дарханды құрықтаған.
Прокурор Дана Сәрсенбай Нұрғанат Ғайыпбаевтың алдын ала тергеп тексерудегі жауабын оқыды. Оның сөзінше, оқиға орнына сотталушылармен бірге екі қыз еріп келген. Олардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев Қаржаубай Нұрымовпен сөйлесу үшін дүкенге кірген сәтте есікті жауып, сыртынан тіреп тұрған. Сыртқа құтылып шыққан Нұрымов Тоқтаубаевтың қолында пышақ барын дауыстап айтқан. Сол сәтте төбелес басталып, қыздардың бірі көліктен пышақтарды алып берген деді прокурор сөзінде. Сот отырысы түстен кейін қайта жалғасады.
Дамир Нұрмұхамет
