Мерекеде ірі мегополистермен қоса шалғайдағы елдімекен тұрғындары да тазалық акциясынан шет қалмады. Өңірлердегі экологиялық шара туралы Эльмира Кәленова тарқатады.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында өткен бейсенбілік акцияға қатысушылар ескерткіш тақтайшаларды жуып, ағаштардың түбін әктеді. Артық өскен бұтақтарды кесіп, ағаштарды ретке келтірді. «Amanat» партиясы ұйымдастырған шараға 250 адам қатысты. Жыл басынан бері бұл акцияға 2000-ға жуық азамат атсалысып, 13 тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Тахирбек Нышанбаев, Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Біздің мақсатымыз бірінші болып елімізді, қаламызды таза ұстау. Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан біз жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, жастармен бірігіп қаламызды таза ұстауымыз қажет. Ары қарай да бұл шара жалғасын табады.
Ал Қостанай қаласында «Таза бейсенбі» экоакция ұйымдастырылды. «Amanat» партиясы бастаған игі шараны Ассамблея жастары да қолдады.
Ақтауда Каспий теңізінің жағасында кезекті тазалық шарасы өтті. 50-ге тарта ерікті жағалауда 1 шақырым аумақты тазалады. Ал, коммуналдық мекеменің жұмысшылары жиналған қоқысты арнайы полигонға тасымалдады.
Анар Шәмшәдинова, «Amanat» партиясы филиалы төрағасының орынбасары:
Бұған дейін партия қызметкерлері табиғат аясына шығып, Маңғыстау ауданындағы «Самалдың сайы» атты жерде тазалық жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Жалпы, «Таза Қазақстан» идеясы, «Таза бейсенбі» идеясы тек қана табиғатты тазалау ғана емес, адамның салауатты өмір салтын қалыптастыруға ұмтылуы.
Петропавлда «Таза бейсенбі» акциясы соғыс құрбандарына арналған мемориал алаңында өтті. Бұл бастама батыр балаларымыздың рухына тағзым етіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, дейді шараны ұйымдастырушылар.
Нұргүл Ахметова
