Жас қаламгерлер, әншілер, қылқалам және сөз шеберлері өзара сынға түсті. Астанада қазақ тілінен «Жарқын болашақ» олимпиадасының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Жарысқа сайдың тасындай іріктелген 7 және 11-сынып оқушылары қатысуда. Білгірлер бәйгесінің іріктеу кезеңіне биыл 7 мың ұл-қыз қатысқан. Оның 2 мыңы өзге этнос өкілдері. Осымен 13-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған олимпиаданың мақсаты талапты жастардың талантын шыңдау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, әдеби һәм рухани қазынамызды кеңінен насихаттау. Жеңімпаздарға еліміздің маңдай алды жоғары оқу орындарына грант беріледі.
Медина Бақытбек, Олимпиадаға қатысушы:
Оқушылардың дайындығын көрдім, жүйелі түрде дайындалыпты. Алайда менің бойымда қорқыныш сезімі жоқ. Өзіме нық сеніммен жарқын болашаққа ұмтылып, олимпиаданың жүлдегер боламын деген үмітім жоғары.
Ержан Әубәкіров, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының бірінші вице-президенті:
Өткен жылы олимпиадада 40 шақты университеттің ішкі гранттарын беріп едік. Бұл жолы да жүлделі орын алған оқушыларға Қазақстанның беделді ЖОО грант береді. Бұл міндетті түрде оқушылардың қызығушылығын арттырып, қатысушылардың санын көбейтіп, сапасын көтеруде.
Нұрсұлтан Тілектес
