II дүниежүзілік соғысқа қатысқанымен бұған дейін белгісіз болған қазақстандық 26 майдангердің дерегі табылды. Олардың барлығы майданға Шымкент қаласынан аттанып, елге оралмаған. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған іздестіру тобы сарбаздар туралы мәліметтерді Подольск және Саратов қаласындағы мұражайлардан тапқан.Одан бөлек жауынгерлердің көзі тірісінде қолданған заттары, төсбелгілері де табылды.
Жалпы, II дүниежүзілік соғысқа оңтүстіктен 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның жартысынан астамы елге оралмады. Бүгінде олардың есімі Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалына жазылған. Деректері енді ғана табылған 26 сарбаздың аты-жөні Жеңіс мерекесі қарсаңында осы тізімді толықтырады.
Серікбай Оңбаев, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының төрағасы:
Мәліметтің барлығы орталықтан келіп жатқан. Олар соғысқа қатысқан, ауыр жарақат алып, госпитальде ем қабылдаған, қайтыс болғандар да бар. Сол деректер толық анықталғаннан кейін қосымша тақтайшаға ілуге дайындап жатырмыз.
Ғани Қалмахан
