АҚШ-та тұратын еврейлер де қазақ халқына алғыс айтып жатыр. Себебі соғыс жылдарында қуғын-сүргіннен қашқан, жер аударылған мыңдаған еврейді панасына алған Қазақстанның жақсылығын бір сәт те ұмытпаймыз дейді. Нью-Йорктегі Еврей мұрасы мұражайында бас қосқан олар Холокост кезіндегі Қазақстанның ерекше рөлін талқылады.
Тарихи деректерге қарағанда соғыс жылдарында он мыңдаған еврей Қазақстанға жер аударылған. Холокостан жан сауғалаған оларды Кеңес одағы осылайша тағы да тәлкек етеді. Алайда пейілді дархан қазақ халқы біздің қауымды өгейсітпей, өз панасына алды дейді шараға жиналған жұрт.
Аты-жөнін айтқысы келмеген әйел:
Қазақ халқына өмір бергені үшін алғыс білдіргім келеді. Зұлмат жылдары менің анам Қазақстанға барып, пана тауып, сіздердің арқаларыңызда аман қалған. Өзінің естелігінде қазақтардың қандай мейірімді екенін, қолында бардың бәрімен бөліскенін жиі айтып отыратын. Қазақтардың арқасында қазір, міне, мен алдарыңызда сөйлем тұрмын. Аман-есен өсіп-өніп, ұрпақтарымыз тарап жатыр. Қазақстанға саяхаттап баруды аңсап жүрмін.
Робин:
Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайға қарап, Қазақстан өз ішінде ынтымағы жарасқан бірлікті ұстап отырғанына қайран қалдым. Жүкті жұмыла көтеру, ешкімді алаламай, бәріне тең қарау, бейбітшілікті қастерлі ұғым деп түсіну - халықтың қанында бар ұғым екеніне көзім жетті.
Шараға қатысқан Елші Ержан Ашықбаев Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау жолындағы қадамдары, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі жайлы да айтып берді.
Марк Шнайер, раввин, Этносаралық түсіністік қорының президенті:
Бүгін жиналған қауым Қазақстан мен еврей халқының көпшілік біле бермейтін тарихтағы маңызды сәттерінен құлағдар болды. Холокост кезінде қауіпсіз пана болу, ел аумағындағы еврей этносының тең өмір сүруі, Израильмен байланысы қазақ-еврей достық қарым-қатынасына үлкен үлесі қосып келе жатыр.
Дінаралық түсіністік болмайынша, бірлік болмайды. Сондықтан Этносаралық түсіністік қорының президенті Марк Шнайердың айтуынша, Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту формуласы көпке үлгі болуы тиіс.
Жалғас Сәдібекұлы
