Көкшетаулық Тумгоевтар отбасы бұлақтың көзін тауып, 40 жыл бойы көрші-қолаңды таза сумен қамтып отыр. Тіршілік нәрін көпке тиесілі етіп, халықтың алғысына бөленген жанмен тілшіміз кездесті.
Сексен көлдің саясында орналасқан Көкшетауда бұлақ көзі көп. Оның бірі Жайлау мөлтекауданында тұратын Тумгоевтар үйінің жанынан табылды. Тұщы суды қала тұрғындары ширек ғасырға тақау тұтынып келеді.
Нұрболат Кесебай, Көкшетау тұрғыны:
Мен 10 жыл су алып жүрмін осы жерден. Бүкіл қала алады. Бұлақтың суы тәтті, таза.
Тумгоевтар отбасы әке өсиетіне берік. Осыдан 40 жыл бұрын Махмуд ақсақалдың әкесі баласына тіршілік нәрі көпке жетсін, судың бір тамшысын саудаламаңдар деп тапсырыпты.
Махмуд Тумгоев, Көкшетау тұрғыны:
Адамдарда құдық жоқ, су болмағанда ала беріңдер деп осылай күні-түні алып жатыр. Су бітпейді. Інішегім бәрін өзі төлейді, суды, энергияны да, мотордың бәріне.
83-ке қараған Махмуд Тумгоев балалық шағын көзіне жас алып еске алады. Қазақтардың қонақжайлығы мен бауырмалдығы болмағанда біздің тағдырымыз әлдқайда қиын болар еді, дейді қария.
Махмуд Тумгоев, Көкшетау тұрғыны:
Мен осы жерде тудым, мен осы жерде жұмыс істедім. Осы жердің иісі маған жетіп жатыр. Ұшақтан түссем, қуанамын. Әкем Зерендіде жатыр, шешем, әжем, інілерім де осы жерде жатыр.
Махмуд Тумгоев туған жердің топырағы да, суы да ерекше күш беретінін айтады. Сондықтан қазақ даласынан қоныс аударуды ешқашан ойламаған.
Бибінұр Әмірханқызы
