Балалар жазушысы Сұлтан Қалиұлының қазасы Алаш жұртының қабырғасын қайыстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар жазушысы Сұлтан Қалиұлының қазасы Алаш жұртының қабырғасын қайыстырды

20.08.2018

Ол саналы ғұмырын елдің ертеңі саналатын жеткіншектердің жүрегіне ізгілік дәнін егуге арнады.

Жазушының шығармаларын оқыған өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтардың қаймағын қалқып ішті. Ол Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиевтердің жолын жалғаған қаламгерлердің ішіндегі бала жанына терең үңілген сөз зергері еді.  Оның еңбектері еліміздің әр қиырындағы жас оқырманның қолына балалар мен жасөспірімдерге арнаған басылымдар арқылы жетті.

Еңбек жолын Жамбыл ауданындағы орта мектептің мұғалімдігінен бастаған маман Қазақ радиосының музыка және балалар редакцияларында аға редактор, республикалық «Балдырған» журналында жауапты хатшы, «Ұлан» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. «Сыныққа сылтау», «Қасиетті тақия», «Сәлем саған, мектебім» және «Мен мектепке барамын» сияқты 20-дан аса кітабы жарық көрді. Сондықтан оның есімі газет оқып, кітап парақтаған қалың оқырманның жүрегінде мәңгі сақталады. 

Бақыт Жағыпарұлы, «Қазақ радиолары» Алматы студиясының жетекшісі: 

- «Ұлан» дейтін газеттің қалың оқырмандарының қатарында мен де бар едім. Сұлтан Қалиұлы дейтін есіммен біз өзіміздің сүйікті басылымымыз бала күннен «Ұлан» газеті арқылы таныстық. Бала психологиясы, бала жаны қалай таза болса, Сұлтан ағаның бүкіл болмысы, ішкі әлемі, жан дүниесі, шығармасы, өзі басқарған газеті сондай таза болды. Сол арқылы қаншама ұрпақты тәрбиеледі.

Жанарбек Әшімжанұлы, «Ана тілі» газетінің  бас редакторы:

- Ұлттық әдебиетке қадам басарда балаларды ұлттық көзқараста тәрбиелеген бірегей тұлғаның бірі осы - Сұлтан Қалиұлы. Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдиебиеті секциясын басқарды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу