Нью-Йоркте «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты халықаралық форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркте «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты халықаралық форум өтті

11.12.2018

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет». Нью-Йоркте осындай атаумен халықаралық форум өтті. Оған еліміздің ақын-жазушылары, публицистері, өнер майталмандары мен екі елдің журналистері қатысты. Форум аясында мәдениет саласындағы әріптестікті нығайту жолдары талқыланды.

Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт. Арасы тым алшақ қос елді ұлы даланың бай мәдениеті қосты. Форумда америкалықтар қазақ зиялыларымен тез тіл табысып, әдебиетімен танысты. Тарихи құндылықтарды дәріптеу, ғаламдық мәдениет кеңістігіндегі интеграция мен қоғамдық сананы жаңғырту жайы да сөз болды. Бас тақырып Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы.

Шөмішбай Сариев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

- Біз тәуелсіз ел ретінде мойындалдық. Біз басқа әлемге әлі де болса жұмбақ елміз. Біздің тамырымыздың тереңге кеткендігін, біздің ұлы ел екендігіміздің барлығын да осы ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ғалымдар жеткізуі керек.

Бұл – Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған төртінші форум. Бұған дейін Сеул, Лондон, Берлин сияқты алып шаһарларда өтті. Нью-Йорктегі басқосуға келушілер фотокөрме тамашалап, қазақ жазушыларының жаңа туындыларымен танысты.

Леонид Голдин, профессор, АҚШ публицисі:

- Қазақстан бізді таңғалдырып келеді. Бұл өзі бір керемет шара болды. Нағыз достық кездесу деп осыны айтады. Бұған дейін де Қазақстан әлемге үлгі болатындай жағдайға жеткенін естуші едім. Татулығы жарасқан жүзден астам ұлт пен ұлыстан құралған тұтас елдің бейбіт саясатын да айтпасқа болмайды. Форумда филология профессорының латын қарпіне көшу туралы баяндамасын ерекше назар қойып тыңдадық.

Ақын-жазушылармен қатар шараға өнер қайраткерлері де қатысты. Америкаға танымал қандастарымыз әнші Диаз Мусалимов пен тәртіп сақшысы әрі боксшы Димаш Ниязов та арнайы келді.

Рави Батра, АҚШ қоғам қайраткері:

- Қазақстандық мәдениет тек қазақ халқы үшін ғана емес, күллі әлем жұрты үшін ұлы мәдениеттердің бірі деп санаймын. Көшпенділердің мәдениетін зерттеу жаһан үшін маңызды.

Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы:

- Әдебиет, өнер мен мәдениет халық пен халықты жақындастыратын, әлемдегі халықтарды бір-бірін түсінісуге, достасуға бастайтын, яғни, қарусыз өмір сүруге жол ашатын үлкен бір мүмкіндік әлемі ғой.

Мұхиттың арғы жағындағы шара қазақтың ән-жырымен қорытындыланды. Ұлы даланың жеті қырын жаһанға таныстыру мақсатындағы мұндай жиындар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу