Ата дәстүрді жаңғыртқан қариялар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ата дәстүрді жаңғыртқан қариялар

26.02.2019

Жезқазған қаласы маңындағы Кеңгір деп аталатын аядай ауылдың қариялары Жастар жылына орай көпке үлгі боларлық істі қолға алды. Осындағы кітапхана жанынан «Өркен сәуле» қоғамдық бірлестігін ашып, жастарға ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, қолөнерімізді үйретуде. Осылайша атадан балаға мирас болып келген асыл мұраны қайта жаңғыртуға атсалысып жүр.

Орталықтың жұмысына сырттай қарап, сүйсінесің. Ауылдағы 30-ға жуық қария жастарды жанына топтастырып, қолөнер мен салт-дәстүрімізді насихаттауда. Өмірде көрген-түйгені көп үлкендер қоғамдық бірлестік құрылғалы жастарды маңайына үйіріп алған.

Алтынай Мақажанова, «Өркен сәуле» қоғамдық бірлестігінің шәкірті:

- Құрақты үйреніп, көрпе-төсектерді, қыз жасауын, бесік жасауын тігуді әжелерден үйрендім. Болашақта қыз балаға керек дүние ғой.

Әжелеріміз қыз-келіншектерге қыз жасауын тігіп, құрақ құрауды, киіз басып, ұршық иіруді, ұлттық тағамдарды дайындауды үйретсе, аталарымыз бозбалаларға тері илеп, қамшы өруді, арқан есіп, ат әбзелдерін дайындауға баулып жүр. Сондай-ақ, мұнда «Сырға салу», «Бесік той», «Құда күту» секілді қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен жөн-жоралғыларды да көрсетеді.

Дүйсенгүл Өтегенова, «Өркен сәуле» қоғамдық бірлестігінің мүшесі:

- Бұл өнер кейінгі кезде үзіліп қалды. Қазір қайтадан қолға алып жатырмыз. Біздің ішімізде кілем тоқитындар да бар. Киіз басатындар да, алаша тоқитындар да бар.

 «Өркен сәуле» қоғамдық бірлестігі өткен жылы қалалық байқауда топ жарып, жүлдеге ие болды. Бұл жеңіс мұндағы үлкен-кішінің барлығын жігерлендіріп, бірліктерін арттыра түсті.

Сәуле Аманжолова, «Өркен сәуле» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Ауылда жастардық баратын жері жоқ. Өздерінің шығармашылықпен айналысатын жері жоқ. Биыл Жастар жылы болғандықтан, біз осы бастаманы дамытып отырмыз. Өйткені біз жастарды алға қарай жетелеуіміз керек.

Орталық мүшелері аптасына бір рет бас қосады. Қазір ауылдағы, Жезқазған өңіріндегі кез келген мерекелік шара оларсыз өтпейді екен. Қариялар жуырда ансамбль құрған. Осылайша елді мекендерді аралап, өнерлерін паш етіп жүр.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу