![Олимпиаданың алғашқы күні спортшыларымыз сынға түседі](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/7/article_78614.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
Бүгін Сочиде алғашқы жүлделер сарапқа салынады. Әйелдер арасындағы скиатлоннан ел намысын Татьяна Осипова, Анастасия Слонова және Елена Коломина қорғайды. Тікелей эфир «KAZsport» телеарнасында 15:50-де басталады.
Биатлоншылар да бәске түседі. 10 шақырымға созылатын спринтерлік жарыста Ян Савицкий, Антон Пантов, Сергей Наумик және Диас Кенешев бағын сынайды. Тікелей эфир - 20:20.
Шаңғымен тұғырдан секіруден қазақстандық екі спортшы Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцев сынға түседі. Олар К-95 биіктігін бағындырады. Бұл сайысты «KAZsport» телеарнасы 22:25-те тікелей эфирде ұсынады.
Әйелдер арасынан могулден жартылай және финалдық кезеңдер өтеді. Финал жолдамасына ие болған Юлия Галышева жүлдеге талас жүргізеді. Ал Дарья Рыбалова шешуші кезеңге өтуге тырысады. Жартылай финал 21:55-те, ал финал 23:55-те басталады. Бұл бәсекені «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Сондай-ақ конькимен жүгіруден 5000 метрлік қашықтықта үш дүркін Азия чемпионы Дмитрий Бабенко бақ сынайды. Трансляция уақыты – 01:35.
Спорттық көрсетілімнің толық тізімін мына жерден көруге болады.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Олимпиаданың алғашқы күні спортшыларымыз сынға түседі&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/23323/)