Алты жасар Дінмұхаммед Төлендинов шахматтан Әлем чемпионы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алты жасар Дінмұхаммед Төлендинов шахматтан Әлем чемпионы атанды

04.05.2018

Алматылық алты жасар Дінмұхаммед Төлендинов шахматтан Әлем чемпионы атанды. Дүбірлі додада ол Әзірбайжан мен Моңғолияның шахматшыларын ұтып, бас жүлдеге ие болды. «Бұл расымен де тарихи оқиға», - дейді біздің мамандар. Себебі, бұған дейін осы жаста Әлем чемпионы шықпаған. Ал, жарыста жеңімпаз атанған оған бірден спорт шеберлігіне үміткер дәрежесі де берілді. Жас шахматшы осы күзде Испанияда жасөспірімдер арасында өтетін жарысқа қызу әзірленіп жатыр. 

6 жасар баланың шахматқа қызыққанына көп уақыт болмаған. Ол небәрі бір жарым жылдың ішінде жоғары дәрежеге қол жеткізді. Дінмұхаммед әуелі ғаламтор арқылы бейнесабақтарды қарап үйренген. Осылайша, оның ынта-жігерін байқаған әкесі шахмат секциясына берген.

Бақыт Төлендинов, Дінмұхаммедтің әкесі:

- Бір жарым жыл ішінде осындай дәрежеге жетті. Алты жасында осы қаланың чемпионы атанды.

Дарынды балаға Грузиядан келген тәжірибелі гроссмейстер дәріс береді. Ұстазының айтуынша, Дінмұхаммед әлемде өте сирек кездесетін дарын иесі. Тек ол ойын баласы болған соң бір орында ұзақ отыра алмайды. Себебі, жалығатын көрінеді.

Александр Кашашвили, халықаралық гроссмейстер:

- Димаш өте талантты бала. Оның дарындылығы соншалық есте сақтау қабілеті тамаша. Бір рет айтқан дүниені екінші рет қайталатпайды. Мұндай жеңіске жету үшін ұзақ уақыт дайындық қажет. Ал, Димаш алғырлығы мен дарындылығының арқасында алға шықты.

Дінмұхаммедпен бірге шахмат ойнаған кез келген қарсылас тез жеңіледі. Тіпті, оны ересек жаттықтырушылар да ұтып көрген емес. Сондықтан, «Осындай елден ерек жас таланттарды іздеп тауып, дарынын шыңдау – міндетіміз», - дейді жаттықтырушылар.

Әнуар Нұрпейісов, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының баспасөз хатшысы:

- Өзімізге қоятын мақсаттарымыз өте үлкен.  Солардың бірі - Қазақстанның барлық қалаларында академиямыздың филиалдарын ашу. Сондай-ақ, мүмкіндігінше барлық Қазақстанның балаларын шахмат спортымен таныстыру.

Қазір елдегі балаларды шахматқа баулитын ұстаздардың басым көпшілігі Моңғолия мен Грузия сияқты шет мемлекеттерден шақырылады. Себебі, бізде білікті мамандар тапшы. Сондықтан, шахмат мектептерін көбейту - басты міндет.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ                             

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу