Елордаға қала күні қарсаңында 8 миллионға жуық түп гүл егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордаға қала күні қарсаңында 8 миллионға жуық түп гүл егіледі

18.06.2014
Елордаға қала күні қарсаңында 8 миллионға жуық түп гүл егіледі

Қыстың қытымыр аязында ақ ұлпаға оранған Астана жаз келісімен  қызылды-жасылды гүлдермен көмкеріледі.  Осы тұста аптап ыстыққа қарамай, жерді жасыл желекке айналдыратын бағбандардың еңбегі зор.

 
Қала күні қарсаңында олардың жұмысы тіпті қыза түседі. Мамандар, биыл 8 миллионға жуық түп гүл егуге ниетті.
 
Алтынгүл Садиханның бағбан болып жұмыс істегеніне 5 жыл болды. Ол ауылды аңсағанда, осылайша, ән шырқайды.
 
Бір күнде жалғыз өзі жүріп 4,5 мың түп гүл отырғызады. Жұмыс уақыты кейде 12 ал, кейде тіпті 13 сағатқа дейін созылады.
 
Алтынгүл Садихан, бағбан:
Астананы көркейту ұнайды. Жұмыс істуге ерінбейміз.
 
Алтынгүл сынды мұнда гүл егуге мыңдаған адам машықтанған. Бәрі - «Астана  көгалдандыру құрылысы» акционерлік қоғамының қызметкерлері. Бір бригада шамамен 10 адамнан тұрады. Олар бір күнде 35 мыңнан астам түп гүл отырғызады.
 
Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
Биыл 16 гектар жерге гүл салынады. 8 миллион гүл болған. Соның 95 пайызы бітті. Жоба бойынша енді бір аптада аяқтаймыз.
 
Гүлдердің дені арнайы Германиядан алдыртылады. Оларды жылыжайларда баптап, өсіреді. Қазір акционерлік қоғамның 20-ға жуық жылыжайы бар. Онда жылына 9 миллионға жуық гүл өсіріледі.
 
Зәмзәгүл Мұхитова, бағбан:
Екі мерзім су құямыз. Таңертеннен түске дейін, түстен кешке дейін.
 
Өсірілген гүлдер арнайы аппарат арқылы мынадай топырағы бар касеталарға егіледі. Техника тәулігіне 60 мыңға жуық гүл егуге қауқарлы.
 
Жұмысшылар бұл санды бұрын екі күнде игерсе,  алып апараттың арқасында қала күніне орай бірнеше жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туған.
 
Айдана Үсенбай, тілші:
Қала күні қарсаңында жол маңындағы қоршауларға  2300-ге жуық гүл құмырасы орнатылады. Ол үшін тіпті гүлдің арнайы түрі де таңдап алынған. Ол - петуния. Қыс айына дейін  шыдайды. Ал, оны суару үшін құмыраның төменгі бөлігінде тесік орналасқан. Осы арқылы бағбандар гүлге су құяды, артынша гидрогель ұнтағын топыраққа себеді. Ол топырақтың ылғалдылығын бір жетіге дейін сақтап, гүлдің қурап, солып қалмауына септігін тигізеді.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу