1943 жыл. Майдангер Базыл Шінкеевтің жазған хаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1943 жыл. Майдангер Базыл Шінкеевтің жазған хаты

24.01.2015

Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Ащыкөл елді мекенінің тұрғыны Базыл Шінкеев 1943 жылдың наурызында майданға аттанып, елге оралмаған.

Жауынгер өмір мен өлім беттескен зауал шақта окопта отырып, елге, жерге, анасына, отбасына деген сағынышын өлеңмен қағаз бетіне түсірген. Алайда, хаттары сақталмаған.

Кейін майдангердің қызы Бақыт Базылқызы ел аузында айтылып жүрген өлеңдерін қағазға жазып алған. 75 жасқа келген Бақыт әже Астана қаласында тұрады. Еңбек жолында кітапханашы болып қызмет атқарған. Ол www.kaztrk.kz порталының «Майдангер хаты» жобасы жөнінде хабардар болып, редакциямызға арнайы келді.

Базыл Шінкеевтің майданнан жазған хатын жариялауды жөн көрдік.

             Жауынгер хаты

Елді ойлап шомылдық қой қара терге,

Айналу болар ма екен туған жерге.

Колхоздың тас молада малын бағып,

Жолықпай бауырым қалады ау алыс жерде.

 

Буынды бекітпестен болып тастай,

Өтті ғой талай маңғаз қыршын жастай.

Болмаса қол ұстасып көзбен көріп,

Қалмады ау туған бауырым амандаспай.

 

Біз емес кетіп жатқан жалғыз ғана,

Ағажан туыспен қостым және.

Жолдаспен ойнап-күліп біз барамыз,

Бір Алла алдымыздан болсын пана.

 

Көресің күнің ашылса күннен айды,

Алдыңғы күнге естіртсін бізден жайды.

Болады көп тілдесе бірі қабыл,

Сүйе тұр қызда болса Бақытайды.

 

Ақ қағаз қарындашпен алдым қолға,

Біз жүрміз бір Алла деп ұзақ жолда.

Ойласам осы жолдың қатері көп,

Рахым ет Жаратушы өзің қолда.

 

Қаламға он сегіз мың жалғыз пана,

Ойынмен көңіл өсіп болдық дана.

Күніне бес уақыт тағат етіп,

Тілеп тұр артта қалған ата-ана.

 

Сөйлетіп момындардың тіл мен жағын,

Бітірмес қалам жазып мұның бәрін.

Тілегі мал мен жанның қабыл етіп,

Тәңірім қыршындардың ашсын бағын.

 

Біз бардық екінші жер қадам басып,

Жаулар бізге деген қалсын сасып.

Рақымы бір күштінің бізге түсіп,

Құдайым жаза көрсін елден нәсіп.

 

Жауымыз бізге деген өлсін бәрі,

Қосылар ата-анаға болсын заман.

Ішетін тамақ таңдап балалардың,

Көрмеген неше түрлі жедік тағам.

 

Түседі ерді көрсе жаудың сағы,

Болмайды жамандықпен менің ісім.

Барармыз жалғыз жасса тақау күнде,

Бүгінгі жақсы болды көрген түсім.

 

Айтайын біріншіден Құдайымды,

Жалғыздан жәрдем тілеп сұрайында.

Жазарға көп отырып уақыт жоқ,

Сөз сөйлеп бір екі ауыз тынайында.

 

Армансыз адам болмас бұл жалғанда,

Түскен жан герман итке болар пенде.

Жауызды біздер құртып елге барсақ,

Ұшпасыз өтер едік бұл жалғанда.

 

Алыста дауыс жетпес елім қалды,

Көкорай кілем түрлі жерім қалды.

Ұялап қаз бен аққу қаңқылдаған,

Мөлдір су балдыр құрғақ көлім қалды.

 

Шығыппын мен ауылдан елден бұрын,

Көргем жоқ мұндай істі бұдан бұрын.

Құртуға қанаушыны жәрдем етіп,

Сал жалғыз қалған жанға көздің қырын.

 

Аман бол ата менен аналарым,

Жар болып жаратушы паналарым.

Ақырын дұшпан жаудың күшін таусып,

Дәм жазса әлек барар балаларың.

 

Аман бол аға менен жеңгелерім,

Алтындай қымбат баға теңгелерім.

Тағдырда жалғыз күштің жазуымен,

Адасқан жолға салды-ау пенделерің.

 

Аман бол үлкен кіші замандасым,

Құтқарсын қиындықтан ердің басын.

Белгілі ақылменен ойлағанда,

Тапсырдым елде қалған кәрі жасын.

 

Аман бол үлкен кіші балапаным,

Көшеде ойнап жүрсең келер сәнің.

Құртам деп жаудың түбін ағаларың,

Сағындым сені ойлап Бақытжаным.

 

Болады арғын-қарпық аталарым,

Тиер ме туа бізге баталарың.

Қазіргі артта қалған халықтарым,

Артықша болса кешір қателерім.

 

Сынады ерді көрсе жаудың сағы,

Ашылар бұлттай көшіп елдің бағы.

Әзірге осыменен қықартамын

Кейін де уақыт болса жазам тағы.

 

Көп жазсам жүре алмаймын болады ауыр,

Бастығы герман иттің болсын жауыр.

Туыстар үлкен-кіші тілеуқорым,

Аман бол біз барғанша қалған бауыр.

Еске сала кетейік, Жеңістің 70 жылдығына орай kaztrk.kz порталы «Майдангер хаты» атты айдар аясында II Дүниежүзілік соғыс жылдарында майданнан, тылдағы еңбеккерлерден жеткен хаттар, фотосуреттерді жарияламақшы.

Хабарламаларға жазылу