![«Алтын үкі» жарысында әлемнің 7 елінің мергендері сайысқа түседі](https://cdn.qazaqstan.tv/old/articles/8/article_872.jpg?w=928&h=522&format=jpg&resize=aspectfill&g=center)
2016 жылғы маусымның 20-сы мен 24-і аралығында Қарағанды облысына қарасты «Спасск» оқу-жаттығу орталығының базасында «Алтын үкі - 2016» VIII халықаралық мергендік жұптар жарысы өтеді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жарысқа әлемнің 7 елінен 19 команда қатысады. Олар - Қытай, Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Белорусь Республикасы, Ұлыбритания, Пәкістан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының күштік ведомстволары. Аталған жарысты Түркия мен Үндістан елдерінің өкілдері бақылайтын болады.
Биылғы жылғы мергендік жұптар сайысының басты ерекшелігі барлық қатысушылардың өз қаруларымен келетіндігінде болып отыр. Дәлдеп атудың шеберлері 5 күн бойы түрлі қашықтыққа жылдам атудан, бүркемелену машықтары мен ойлы-қырлы жерлерді бағдарлаудан үздік мергендік атақ үшін жарысатын болады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Алтын үкі - 2015» жарысында Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері жеңімпаз атанып, алтын кубокты иеленді. Әр кезең жоғары деңгейдегі төзімділікті, күш-жігерді, сапалы командалық жұмыс пен әр қатысушының жақсы даярлығын талап етеді.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=«Алтын үкі» жарысында әлемнің 7 елінің мергендері сайысқа түседі&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/50609/)