Шекарадан өтудің тиімді жолын тапқандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекарадан өтудің тиімді жолын тапқандар

24.10.2017

Қазақ пен қырғыз шекарасында көлікпен емес, велосипедпен жүретіндер саны артып келеді. Екі елдің арасында ары-бері өтетін азаматтар саны да ешқашан толастаған емес. Уақытты жоғалтпай, сағаттап кезекте тұрмай, мемлекеттік шекарадан өтуге болады.

Қордай арқылы Қырғызстанға қарай бағыт алған әрбір жаяу жүргінші үш немесе бес минут уақытын жоғалтады. Ал, көліктер бес-он минут аялдайды. Егер де көлік саны мен адам саны аз болған жағдайда. Сондықтан, кейбір азаматтар шекарадан өтудің ең тиімді жолын тауып алған.

Алатаудың арғы жағын жайлаған ала қалпақты ағайынға жеке шаруасымен күніне бір барып қайтатын Тұрсынбек ОҢғарбаев он бес жылдан бері көлікке мінбеген. Шекарадан тек қана екі аяқты велосипедімен өтіп кетеді. Өйткені, бес минутқа жетпей қырғыз жерінде болады.

Тұрсынбек Оңғарбаев, Қордай ауданының тұрғыны:

- Жеңіл өте бересің. Жүре бересің. Бір жағынан ешқандай шығын жоқ қой. Айдай бересің болды. Керек нәрсемді мынаған тастай саламын. Жүре беремін. Өте ыңғайлы.

Бұл кезек күтіп сарылмаудың төте жолы екенін ұққандар аз емес. Мәселен, Қордай мен Бішкектің де, Тоқмақ пен Қарасудың да байырғы тұрғындары велосипедпен шекара асудың ыңғайлы екенін біледі. Достары мен туыстарына жиі баратындар үшін бұдан артық көлік жоқ. 

Нұрбек Молдазым, «Қордай» шекара бақылау бекеті бөлімше бастығы:

- Біздің «Қордай» шекара бөлімінен өту тиімді. Жолай өтсе де көлікпен өтсе де. Ол әрбір адам өткенде біз заңды түрде тексереміз. Велосипедпен өту ол кәдімгі жолай адам өткен сияқты болады. Тез.

Сондай-ақ, саяхаттап көп жүретін туристер қауымы да велосипедтің артықшылығын бұрыннан түсінген. Мәселен, Австралия азаматтары қазір Орта Азия елдерін екі дөңгелекті көліктерімен шарлап жүр. Бұлар да кезек күтіп тұрмай-ақ, шекарадан зу етіп өте шықты.

Рос Холдзворд, Австралия азаматы:

- Біз велосипедпен Тәжікстан арқылы қырғыз жеріне өттік. Сосын Бішкектен Қордайға келіп тұрмыз. Бүгін-ертең Алматы әуежайына жетіп алсақ Лондонға ұшпақшымыз. Ең жақсысы шекарада көп тұрған жоқпыз. Бес минутқа жетпей құжаттарымыз рәсімделді.

Қазақ пен қырғыз арасындағы шекарадан да күнделікті бірнеше турист өтеді. Егерде ауыр жүгіңіз болмаса, алтын уақытыңыздың әр сәтін тиімді пайдаланамын десеңіз велосипедке мініңіз деп кеңес береді. Велосипедпен жүрудің денсаулыққада пайдалы екені белгілі.  Шекарадан ерте өтіп, ән салып, тынығып алған соң тағы да жолға шыға бересің.

 

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу