Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасына - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Еуропалық Одақ қатынасына - 25 жыл

02.02.2018

Бүгін Еуропалық Одақ пен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына - 25 жыл. 1993 жылы дәл осы күннен бастау алған серіктестік бүгінде достыққа ұласты. Еуропаның азулы елдерінің басын біріктіріп отырған ұйым Орталық Азияның ғана емес, әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің біріне айналған Қазақстанмен ынтымақты арттыруға мүдделі.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Қазақстан үшін Еуропалық Одақ - саяси және экономикалық әріптестің бірі. Ал, Қазақстан - біріккен Еуропаның Орталық Азиядағы басты сауда серіктесі. Ұйыммен дипломатиялық байланыс орнатқан 25 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынас қарыстап емес, қарыштап дамып келеді. Былтыр өзара сауда айналымы 24 млрд.долларды құраса, соңғы 10 жылда Еуропалық инвесторлар Қазақстан экономикасына 120 млрд. доллардан астам қаржы құйған.

Инвестицияның басым бөлігі отын-энергетика, мұнай-газ саласына бөлінді. Қарт құрлық елдері қазақстандық шикізатқа, энергоресурстарға зәру. Бір ғана мысал, Еуропадағы ұшақтарды жасауға пайдаланылатын титанның 50 пайызы бізден алынады. Германия мен Австрияда жанар-жағармайдың әрбір үшінші литрі қазақстандық мұнайдан өндірілген. Екіжақты алыс-берісті арттыруға, стратегиялық әріптестікті тереңдетуге Норбер Жустеннің қосқан үлесі зор. Одақтың Қазақстандағы тұңғыш елшісі, қазір зейнетке шықса да қазақ елі жайлы жаңалықты қалт жібермей, жетістігіне марқайып отырады.

Норбер Жустен, 2008-2011 жж Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі, саясаткер:

Еуропалық Одақпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуды Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап қолға алды. Сөйтіп, ол жоспарын сәтті жүзеге асырды. Себебі, Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы тұңғыш өкілдігі Қазақстанда, Алматыда ашылды. Президенттеріңіз Қазақстанды инвесторлар үшін, сауда үшін ашық мемлекет етті. Бұл елдің экономикалық дамуы үшін қабылданған керемет шешім болды.

Еуропалық Одақ Қазақстанның «ядросыз әлем» және халықаралық лаңкестікпен күресте күш біріктіру туралы бастамасын қолдайды. Сол содырлардың соғысынан құты қашқан Ауғанстандағы ахуалды реттеуге күш салып, Ауған жастарын Алматы мен Астанада тегін оқытып жатқан қазақ Үкіметіне де еуропалықтардың алғысы шексіз. 

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің Ресей, шығыс серіктестік елдері, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директоры:

- Біз Қазақстанның аймақтағы, жаһандағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге қосып жатқан рөлін жоғары бағалаймыз. Еуропалық Одақ Қазақстанның басты сауда серіктесі әрі инвесторы екенін мақтан тұтады. Біз Қазақстанның болашағына сенеміз. Әрі екі жыл бұрын Қазақстанмен кеңейтілген әріптестестік және ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қоюымыздың өзі үлкен мәртебе. Осы келісімшарт екіжақты іскерлік аясын кеңейтіп, қарым-қатынасымызды одан әрі жақсарта түсті.

Қазақстан-ЕуроОдақпен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Маңызды құжатты бүгінде Одақтың 18 мемлекеті ратификациялады. Еуропалық парламент депутаттары да былтыр келісімді қолдап, қол қоюға дауыс берді. Тараптар жаңа келісімнің аясында 29 сала бойынша ынтымақты бекемдейді. ЕуроОдақ пен Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері осындай.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу