Зейнетке ерте шығу үшін 75 жыл еңбек ету керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетке ерте шығу үшін 75 жыл еңбек ету керек

21.02.2018

Егер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына әйелдер 13 млн, ерлер 9 млн. теңге жинаса зейнетке шығуға болады. Жасы елуден асқан қазақстандықтарға мұндай мүмкіндік бар. Алайда, игілігін бәрі көріп жүр деп айтуға келмейді. Жинау да оңай емес.  Бекітілген қаржының көлемі жыл сайын өседі. Сол себепті де отандастарымыз мұндай жүйенің түк пайдасы жоқ деп есептейді. Зейнетақыға қатысты түйіткілдерді Раушан Сайлауқызы зерделеп көрді.  

Сәуле Әбдірахманова – 48 жаста. Тәжірибелі ұстаз. Жұмысының күрделілігіне сай зейнетке ерте шыққысы келеді. Алайда, қордағы қаржы қомақты емес. Оның үстіне талап етілген теңгенің тұрақтайтын түрі жоқ.

Сәуле Әбдірахманова, қала тұрғыны:

- Оны пайдалану біздің қазақстандықтарға мүмкін емес сияқты. Сол себептен, тұрақты бір жүйеге келтіру үшін әйел адам 55 жастан шыға алу үшін тұрақты бір сомасы болу керек сияқты. Жылдан-жылға оны қоса бермей.

Зейнетке бұлайша ерте шығу ғылыми тілде зейнетақы аннуитеті деп аталады. Ол үшін былтырғы жылдың желтоқсан айында 10 млн. теңге жинау керек болса, биылғы қаңтарда тағы 3 млн. қосылды. Қаржының жыл сайын көбеюі көпшіліктің наразылығын тудырып отыр.

Ал, экономист мамандар елімізде бұл мүмкіндікті пайдаланушылар саны 2000-нан аспайды деп болжап отыр. Өйткені, орташа жалақы төмен. Бекітілген қаржының көлемі үлкен. Дегенмен,  қажетті сома жиналған жағдайда тиімділігі де жоқ емес. 

Сапарбай Жұбаев, экономист:

- Сен ол ақшаны өмір бойы пайдалануға мүмкіндігің бар. Сақтандыру қоры инвестициямен 10 млн-ның ішінде емес өмір бойы 15 млн-ға жетіп кететін шығар. Менің ойымша, бұл Қазақстанда кеңінен қолданылмайды. Жинайтындар өте аз. Бүгінгі күні 150 мың алса, 10 пайыз он бес мыңнан жинау үшін 100 жыл өмір сүру керек шығар.  

Жалпы, елімізде 2 млн-нан астам зейнеткер бар. Олар базалық, ынтымақтық және ерікті зейнетақы алады. Ең төменгі көлем 49019 теңге болса, ең жоғары мөлшер 98 247 теңге. «Ал, зейнетақы аннуитетінің жыл сайын өзгеруі қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзаруына байланысты дейді», - мамандар. 

Маржан Жаумитова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесі басқармасының жетекшісі:

- Жыл сайынғы өсу бұл 5 пайыз индексациялау, өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші және де сақтандыру қорына төленетін төлемнің мөлшері төмен болмау параметрлері ескеріледі. Бұған Ұлттық банктің арнайы негіздемесі бар.

Қазақстанда орташа жалақы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің жуырдағы мәлімдемесіне сай 147 мың теңге. Мейлі, күмәнді сома болса да министрге сеніп, есептеп көрелік. Сонда бізге ерте зейнетке шығып, 13 млн. теңгені жинау үшін тынбай 75 жыл еңбек ету керек немесе қазақстандықтың бәріне кемінде 600 мың теңге жалақы беретін жоғары шенді қызмет қажет.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу