«Туған жерге сағыныш». Шығыс Қазақстан облысына қарасты Аягөз қаласында өңірдің тумасы, ақын-сазгер Асхат Сүйіндіктің қайырымдылық кеші өтті. Шығармашылық шара су тасқынынан зардап шеккендер мен науқас бала Іңкәр Аманжолованы қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Оған бүйрегін ауыстыру үшін күрделі операция жасалмақ. Ақын-сазгер Асхат Сүйіндік Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының тумасы. Ол тұңғыш шығармашылық кешін туған жерінде өткізді. Асхат Оңғарұлы 100-ге тарта өлеңнің авторы, 70-ке жуық әнге сөз жазған. Қайырымдылық шарада Асхат Сүйіндіктің өлеңдері оқылып, әндері орындалды. «Бұл шара су тасқынынан кейінгі елдің еңсесін көтерді», - дейді көрермен.
Жанарбек Бекбай, көрермен:
- Рухани демалып отырмыз. Бұл - елге сағыныш, елге құрмет. Халықтың ынтымағын, берекесін көрсетіп отыр. Бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрді жаңғыртып, қайырымдылық көрсету, имандылық жағын жоғары қойып отырғандығын көріп отырмыз.
Серікзат Дүйсенғазы, ақын:
- Елге әркім шамасының келгенінше үлес қосуы керек. Біздің Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жер мәселесі айтылған. Туған жерге әркім көмектесу керек. Бизнесмен бизнесімен, ақын өлеңімен, композитор әнімен, әнші өнерімен, суретші суретімен.
Р.МАДВАСОВА
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Аягөзде су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау мақсатында қайырымдылық концерті өтті&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/60271/)