Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұсындағы тас жолда болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары тағы бір айға ұзартылды. Ақтөбе қалалық №2 соттың шешімімен автобус жүргізушілері Таңатов, Пернебеков, Қырғызбаевтарды қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға созылды. Алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні «Самара-Шымкент» тас жолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам мерт болды. Тілсіз жаудан үш жүргізуші мен екі өзбек азаматы аман қалды. Ал, қаңтардың 24-і жүргізушілер күдікті ретінде ұсталды.
Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
- Ақтөбе қаласының №2 сотының 2018 жылғы 21 сәуірдегі қаулысымен Қырғызбаевқа, Таңатовқа, Пернебековке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы ағымдағы жылдың 24 мамырына дейін ұзартылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Ақтөбе облысындағы тас жолда болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары бір айға ұзартылды&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv./index.php/news/60378/)