ОҚО-ғы Алғабас ауылының азаматтары соғыс ардагерлері мен батыр аналарға ескерткіш тұрғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-ғы Алғабас ауылының азаматтары соғыс ардагерлері мен батыр аналарға ескерткіш тұрғызды

10.05.2018

 «Ауыл - алтын бесік». Ал, туған жерді түлету - сол елде туып-өскен  әрбір жанның перзенттік парызы. Ежелден желісі үзілмей келе жатқан игі дәстүрді Оңтүстік Қазақстан облысындағы Алғабас ауылының азаматтары жалғастырды. Олар ауылдың орталығынан соғыс ардагерлері мен батыр аналарға арнап, еңселі ескерткіш тұрғызды. Сондай-ақ, атамекеннің ғасырға жуық тарихын қағазға түсіріп, тарихи-энциклопедиялық кітап етіп шығарды.

Түлкібасы тауының етегіндегі алақандай ауылдан Екінші дүниежүзілік соғысқа 83 азамат аттанған. Олардың көбі бейбіт өмір үшін соғыс даласында құрбан болды. Алғабас - сондай-ақ, батыр аналардың да ауылы. Бесігін Қыдыр тербеген мекенде 93 алтын құрсақты ана тұрады. Ауыл азаматтары оларды ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында еңселі ескерткішке есімдерін ойып жаздырды. Бұл тізімге сондай-ақ, Еңбек ерлері мен Ауған соғысы ардагерлерінің де аты-жөндері енгізілді.

Жұмабай Қайранбаев, ауыл биі:

-Ауыл азаматтарына үлкен рахмет. Табысты болсын.

 «Туған жерді түлету-тектілігің». Баспадан жаңа шыққан ауыл шежіресі іспетті тарихи кітап осылай аталды. Оны ауыл азаматтары өздері құрастырды. Ауылдың 90 жылдық тарихына орай өткізілген мерекелік жиында  кітап таныстырылды.

Бүгінде Алғабаста  мыңға тарта үй бар. Арда азаматтардың арқасында түтіні түзу, еңсесі биік. Енді олар ауылдан мұражай ашу ісін қолға алмақ.

Алғабастағы мереке түс ауа футбол, волейбол  ойындарына ұласты.  Ұлттық спорт түрлері де  қайта жаңғырды. Білекті жігіттер ат үстінде аударыспақ  ойнаса, ептілері жерден теңге іліп сайысты. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу