Еліміз Өзбекстанмен бірлескен көлік-логистикалық орталығын құрмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміз Өзбекстанмен бірлескен көлік-логистикалық орталығын құрмақ

07.06.2018

Көп ұзамай еліміз Өзбекстанмен бірлескен көлік-логистикалық орталығын құрмақ. Бұл екі ел арасындағы сауда-саттықты еселуге мүмкіндік береді. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жаңадан іске қосылған көлік-логистикалық орталығы арқылы биыл жарты миллион тонна тауар  жөнелту көзделген. Бұл мамыр айынан бастап орталықта кедендік рәсімдеу ісінің мейілінше жеңілдегенінің арқасында мүмкін болып отыр. «Бір терезе» арқылы қызмет көрсетудің нәтижесінде декларацияны толтыруға бұған дейін бір тәулік қажет болса, қазір ол  30 минут ішінде дайын болады.

Серікжан Тасанбаев  ірі сауда үйінің өкілі. Көп жылдан бері Өзбекстаннан жеміс-жидек сатып алып, оны еліміздің түрлі аймақтарына саудалауды кәсіп етіп келеді. Былтырға дейінгі басты қиындық тауарды тасымалдау және сақтау болатын. Өйткені, Ташкенттен алынған тауар Астана қаласындағы қоймаларға жеткізілетін. Салдарынан тауардың өзіндік құны өсіп кетіп отырды. Өзбекстанмен іргедегі Шымкентте замануи көлік-логистикалық орталығының ашылуы оларды бұл қиындықтан құтқарды.

Серікжан Тасанбаев, сауда үйінің өкілі:

-Теміржол вагондары тура қойманың алдына келеді. Сосын көліктерге жүкті өздері артып береді. Адамдары да, техникасы да, барлығы бар.

Орталықта  бүгінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейден келіп жатқан транзиттік жүктер сақталады және кедендік рәсімдеуден өтеді. Әрқайсысының аумағы  10 мың 300 шаршы метр болатын екі қойма жұмыс істейді.  Бүгінгі таңда мұнда көкөніс, құс еті, қант, консерві өнімдері секілді 1,5 мың тоннадан астам тауар сақтаулы. Қоймалар халықаралық деңгейдегі «А» санатының талаптарына сай.

Асылбек Құлтаев, орталықтағы операциялық қызмет директоры:

- «А» класты қойманың міндеті жүкті қабылдап, сақтау және жөнелту ғана емес, көкөністер келгенде іріктеу қызметін де атқарамыз.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық  қарым-қатынасты жақсарту үшін енді екі ел арасында логистикалық бірлескен  кәсіпорын құру жоспарланып жатыр. Оның басты ерекшелігі, жүк көліктері үшін «жасыл дәліз» жасақталады.  Бұл көршілес мемлекеттер арасында жылына  400 мың тоннаға дейін тауар тасымалдауға мүмкіндік  бермек.  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу