Шығыстың қайталанбас өнері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыстың қайталанбас өнері

10.07.2018

Асқабақтан жасалған ыдыс-аяқ - 19 ғасырда Орта Азияда кеңінен қолданылған дүниелердің бірі. Ішіне қымыз, айран, су құйып алуға ыңғайлы бөтелкелер қазақтың торсығына ұқсас келді. Бүгінде мұндай асқабақтар тек кәдесыйлар ретінде ғана өсіріледі. Алайда, ол өзбек мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Сол бұйымдардың ерекшеліктері туралы көрші елге іссапармен барған тілшіміз Фариза Мұсақызы айтады.

Мұндай дүниелерді Өзбекстандағы сауда дүкендерінің кейбірінен ғана кездестіре аласыз. Қауақ асқабақтан жасалған ыдыстардың күнделікті тұрмыстағы бөтелкеден айырмашылығы бар. Ыстық күнде ішіндегі сусын жылып кетпейді. Арнайы температураны сақтап тұрады. Кезінде ол жарық лампасын, қорап, ожауды да алмастырған. Тіпті музыкалық аспап жасауда да пайдаланылды.  Ұлықбек Мұхаммадкәрімов қауақ-асқабақ бұйымдарын дайындаумен он жылдан бері айналысып жүр. Бірін ою-өрнекпен көмкерсе, енді біріне сурет салады. Туындылардың сыртындағы мифологиялық бейнені шебердің өзі ойлап табады.

Ұлықбек Мұхаммадкәрімов, қолөнер шебері:

- Ыдыстарды Қазақстаннан әкелінетін қымыз бен қымыран сақтауда пайдаланамыз. Мұндай асқабақтың емдік қасиеті де бар. Талқан сияқты ұсақтап, шипагерлік мақсатта ішуге болады. Оның емдік қасиетін кезінде Ибн Синаның өзі айтып кеткен.

Өзбекстанға келген туристерді қызықтыратын жергілікті калориттің бірі – алтынмен апталған картиналар. Осындай бір туындыны дайындап шығару үшін 2 айдай уақыт кетеді. Ұқыптылық пен дәлділікті, талант пен төзімділікті талап ететін жұмыс. Ескі технологиялық әдісті жасалатын суретке жібек қағаз пайдаланылады. Кейін ол алтынның ерітіндісімен көмкеріледі. «Бүкіл өзбек халқының тарихы, рухы осы суреттерде жатыр», - дейді шебер.

Мұзафар Полатов, суретші:

- Суретті салғанда бүкіл жан-дүниемді осы үрдіске арнаймын. Бәрін ұмытып, ежелгі Жібек Жолы әлеміне еніп кететіндеймін. Әр ұлттың өз мәдениеті мен өзіне тән ерекшеліктері бар. Өзбек халқын осы картиналарға қарап тануға болады.

Қолының қиюы бар ұстаздардан тәлім алып жүрген шәкірттер де жетерлік. Жалпы, шығыстың қайталанбас қолөнері, халықтық және заманауи сәндік бұйымдары қонақтарды қашан да қызықтырып келген. Көздің жауын алатын дүниелерге сүйсініп қарайсың. Өйткені, бұл таңғажайып туындылардың артында көзге көрінбейтін маңдай тер мен қажырлы еңбек жатқанын түсінесің.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу